Сотталушының жақындары «ешқандай алып қашу болған жоқ» деген уәжін қайталады
Кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың сотында жанжал шықты. Бүгін сотталушы Шерхан Аймаханның ата-анасы мен бауырлары сот алдында жауап берді. Алайда олардың айтқан сөздері жәбірленуші тараптың жан жарасын қайта тырнап, сот залындағы ахуалды ушықтырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қайғыдан қан жұтқан әке де үнсіз қала алмады. Ол орнынан тұрып, сотталушының әкесіне ренішін айтты. Артынша екі тарап сөзге келіп, соттағы жағдай шиеленісе түсті.
Ал сотталушының жақындары «ешқандай алып қашу болған жоқ» деген уәжін қайталады. Бұдан бөлек, сотталушының анасы Шерханның Нұрайға ғашық болғанын айтып, салдарынан ұлының өз-өзіне қол салуға әрекеттенгенін жеткізді.
«Екі қолын кесіп тастаған. Не үшін? Енді қызды ұнатты да. + жақсы көргеннен болады ғой бәрі болады ғой», – деді айыпталушы Шерхан Аймаханның анасы Айгүл Макенова.
Бүгін сотта бұл істі алғаш қолға алған полицей де жауап берді. Ол 2025 жылдың 5 қазанында қыз алып қашу фактісі бойынша шағым түскенін жеткізді. Алайда арыз соңына дейін тергелмей, жабылып қалған. Сондай-ақ тергеуші сол күні оқиға орнына қызметтік бейнежетонсыз барғанын да мойындады.
«Бейнежетон болды. Кімдерде болды? Қателеспесем, жедел уәкіл екеуімізде болды. Ол күні оның қуаты сөніп қалған. Тез сөніп қалады», – деді экс-тергеуші Әбілғазы Артықбай.
Еске салсақ, Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін жұмысына салғырттық танытқан бірқатар полиция қызметкерлері қызметінен босатылып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бүгінгі куәлік берген Әбілғазы Артықбай солардың қатарында.
- «Не үшін жұмыстан шықтыңыз? Осы шешімді дұрыс қабылдамаған үшін бе?»
- «Солай көрсеткен. Бірақ мен онымен келіспеймін, ол тараппен соттамыз. Әлі соттасып жатырмыз», – деді экс-тергеуші Әбілғазы Артықбай.
Еске салайық, Шерхан Аймаханға бірден бірнеше ауыр айып тағылған. Олардың қатарында «сталкинг», «некеге тұруға мәжбүрлеу » және «аса қатыгездікпен адам өлтіру » баптары бар. Күдікті 11 қаңтар күні Нұрай Серікбайды өз үйінің алдында пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен еді.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан 370 кәсіпкер анықталды