Нұрайдың өлімі: полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

22.01.2026 14:48

Тергеу аясында қалалық Полиция департаменті басшылығының жұмысына да құқықтық баға беріледі

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзінше, олар қыз алып қашу туралы арызды уақытында тіркемегені үшін жауапқа тартылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Істі министрлікке қарасты ішкі қауіпсіздік демартаменті тергеп жатыр. Вице-министр бірінші кезекте полицияның аудандық басқармасындағы лауазымды қызметкерлерінің жауапкершілігі қарастырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ тергеу аясында қалалық Полиция департаменті басшылығының жұмысына да құқықтық баға беріледі.

Айта кетейік, 20 қаңтарда Президент аталған іске қатысты Шымкент қаласы Полиция департаментінің әрекеттерін тексеруді тапсырған болатын. Сол күні Полиция департаментінің бастығы мен бірінші орынбасары қызметінен босатылған.

«Қызметіне селқос қарау белгілері бойынша қылмыстық істің қозғалуы ең алдымен қызметтік міндетін орындамаған лауазымды тұлғаларға қатысты. Олар жәбірленуші некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша арызданған кезде қылмыстық істі тіркеу үшін ешқандай шара қолданбаған. Жәбірленушінің арызын қабылдамай, істі номенклатуралық тәртіппен жауып тастаған қызметкерлер жұмыстан босатылды», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Оқи отырыңыз: Таразда церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға ота жасалады