Нұрайдың өлімі: Шерхан Аймаханға шығарылған үкімі өзгеріссіз қалды
Шерхан Аймахан бірнеше ауыр бап бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойы бас бостандығынан айырылды
Шымкентте Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты сот үкімі қайта қаралды. Себебі қос тарап та кесілген үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген болатын. Өмір бойы бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймахан жазаны жеңілдетуді сұраса, жәбірленуші тарап моральдық шығын көлемін ұлғайтуды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өмір бойы түрмеге жабу – тым қатаң жаза». Бүгінгі сот отырысында Шерхан Аймаханның адвокаттары осындай уәж айтты. Олар жас қызға 35 рет пышақ сұғу әрекетін аса қатыгездікке жатпайды деп есептейді. Сонымен қатар алып қашу және сталкинг баптары бойынша да ақтауды сұрады.
«Нұрай Серікбай бірінші салынған жарақаттың өзінен-ақ көз жұмып, кейінгі соққылардан жан-тән күйзелісін тартпауы да әбден мүмкін еді. 35 жарақаттың болуы Шерхан Аймаханды Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен кінәлі деп тануға негіз бола алмайды деп есептейміз», – деді сотталушының адвокаты.
Өз кезегінде жәбірленушілер Шерхан Аймаханға тағайындалған жазаны өзгеріссіз қалдыруды және моральдық өтемақы көлемін 10 миллиард теңгеге жеткізуді талап етті.
«Бірінші сатыдағы соттың шешімі әділ деп ойлаймыз. Ал айтылып жатқан уәждің барлығы адамның ашу-ызасын тудырады. Мұны сырттай тыңдаудың өзі ауыр», – деді марқұмның әкесі Бауыржан Сағынбек.
Тараптардың уәжін мұқият тыңдаған сот бір сағаттық үзілістен кейін қаулысын жариялады. Оған сәйкес, алғашқы үкім өзгеріссіз қалдырылды.
«Алқа қаулы етті: Аймахан Шерхан Әлмаханұлына қатысты Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 13 тамыздағы үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Жәбірленуші өкілдері мен адвокаттардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырылмасын», – деді сот алқасының төрағасы Бәйдібек Дүйсебеков.
Осылайша соттың алғашқы шешімі заңды күшіне енді. Шерхан Аймахан бірнеше ауыр бап бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойы бас бостандығынан айырылды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға биыл қаңтар айында Шымкент қаласында орын алып, күдікті 21 жастағы бойжеткенді үйінің алдында 35 рет пышақтап кеткен болатын.
Лаура Бабас, Шымкент
Оқи отырыңыз: Су лимитін бұзған қызылордалық шаруаларға 17 млн теңге айыппұл салынды