Нұрайдың өлімі: сот отрысында марқұмның денесіне түскен жарақаттарды көрсетті

 Он тоғыз томдық іс-құжаттарын зерделеу аяқталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты 19 томдық іс толық сараланды. Бүгін жәбірленуші тарап сотталушыдан 10 млрд теңге моральдық шығын өтеуді талап етті. Сондай-ақ арнайы мамандар сот залына қуыршақ алып келіп, Нұрайдың денесіне түскен жарақаттарды көрсетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі. 

Бұл – Шерхан Аймаханның тергеу кезінде жауап берген сәті. Ол видеода болған жайтты баяндап, қылмысын мойындаған. Сотталушы алғашқы пышақ жарақатын Нұрайдың мойнына салған.

«Пышақ алып, мойнын бір соққы жасадым. Құлап жатты, есімде. Оны не үшін жасағанымды білмеймін, ешқандай себеп болмады. Нұрайға 7 немесе 8 рет пышақ жарақатын салғаным есімде», – деді  сотталушы Шерхан Аймахан.

Қанды қылмыс болған күннің видеосы көрсетілді. Таспадан Шерханның Нұрайды жұлқылап, артынан пышақ сұққаны, біраз уақыттан соң қайта оралып, қызға тағы да шабуыл жасағаны анық көрінеді. Бейнежазбадан кейін сот-медициналық сараптама маманы марқұмның денесіндегі жарақаттардың орнын көрсетті. 

«Мойын, іш, кеуде торындағы жарақаттарының тереңдігін есепке алған кезде, қатты күшпен жарақат салынғаны анық. Әрқайсысының тереңдігін жазғанбыз», – деді сот-медициналық сарапшы Жанболат Пернебеков.

Сондай-ақ жәбірленуші тарап сотталушыдан моральдық шығын ретінде 10 миллиард теңге, ал материалдық шығын үшін 14 миллион теңге талап етті. Алайда олар бұл қаржыдан бірде-бір тиын алмайтынын, барлық ақша қайырымдылық қорына аударылатынын жеткізді.

«Қандай моральдық шығын сұраса да, ол Нұрай Серікбайды қайтармайды және қайғыға демеу бола алмайды. Нұрай Серікбайдың мезгілсіз қаза болуы оның ата-анасы мен жақын туыстарына орны толмас жан-жарасын салды. Ата-анасы әлпештеп, мәпелеп өсіріп отырған жалғыз қызынан, ағалары сүйікті де сүйкімді қарындасынан айырылды», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров.

Бүгінгі сот отырысында 19 томдық іс-құжаттарын зерделеу аяқталды. Ал жарыссөз 11 тамызға белгіленді.

Еске салсақ, Шерхан Аймаханға марқұм Нұрай Серікбайды аңдып, алып қашқан және аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылған болатын. Жәбірленуші тарап күдіктіні өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Атырауда жасөспірімге тиіскен күдікті әлі іздестіріліп жатыр