Өткен процессте «Нұрайдың өзі мені пышақтады» деген сотталушының сөзі жалған болып шықты
Шымкентте Нұрай Серікбайдың соты жалғасып жатыр. Бүгін марқұмның екі ағасы көз жасына ерік беріп, сот алдында жауап берді. Ал қанды оқиғаны өз көзімен көрген куәгер сол күнгі сұмдықты бүкпесіз баяндады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгінгі сот отырысында тағы да күтпеген жайттардың беті ашылды. Өткен процессте «Нұрайдың өзі мені пышақтады» деген сотталушының сөзі жалған болып шықты. Себебі күдікті ұсталған кезінде істеген қылмысын мойындап, болған жайтты полицияға айтып берген. Бүгін судья соның бәрін оқып беріп, Шерхан Аймаханнан нақты жауап беруін талап етті.
«Нұрайға тыққан пышағыммен өзіме өзім қол жұмсамақшы болдым. Пышақты кішкене тығып, алайда өзіме қол жұмсай алмай қалдым. Дәтім бармады» Мына жердегі жауапта бәрі сіздің есіңізде. Екінші пышақты алмағансыз. Сосын Нұрайға қатысты істеген іс-әрекетіңізге өкініп, өзіңізді өзіңіз пышақтағансыз. Барлық нәрсе есіңізде. Бұны қалай түсіндіріп бересіз?», – деді судья Саммидин Темірәлиев
Марқұм Нұрай Серікбайдың күдіктіге пышақ сұқпағанын куәгерлер де растағандай болды. Қанды оқиғаны өз көзімен көрген әйел жұмыстан қайтып бара жатып, жанұшыра айқайлаған қыздың дауысын естіген. Сол сәтте ол сотталушының қолынан ұзындығы 15–20 сантиметр болатын үлкен пышақ көріпті. Алайда оның денесінен ешқандай да жарақатты байқамаған.
«Ол артымнан жүгіріп өтті, қыздың жатқан жеріне барып, қайтып 2-3 рет пышақ сұқты. Менің бір минуттай аяқ-қолым істемей қалды. Ана жақта бір апай тұрды. Ол кісі де тұрған жерінде қатып қалды. Сонымен «маған қарай шабуыл жасай ма?» деп қашып кеттім», – деді куәгер Индира Беркінбаева.
Куәгердің әрбір сөзі жәбірленуші тарапқа ауыр тиді. Сот залында Нұрайдың ата-анасы көз жасына ерік берді. Ал марқұмның ағасы мәйітханада қарындасының денесін көргенде тани алмай қалғанын жеткізді. ¤
«Денесінде бір сау жер жоқ. Пышақ курткасын тесіп өткен. Курткасы новый еді. Мойын тұсын айтпай-ақ қояйын, тесіп жіберген. Бетінде сау жер жоқ, бауыздап, ойыншық сияқты пышақ сұққан . Түрінен түр қалмаған. Шыны керек сол жерде еңіреп жібердім», – деді марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай.
Марқұмның екі ағасы сотта қанды қылмысқа дейінгі оқиғаларды да егжей-тегжейлі баяндады. Олар Шерхан Аймаханның Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алғанын жеткізді. Ең өкініштісі, олар бұл туралы құзырлы органдарға ескерткен. Бірақ ешқандай нақты нәтиже болмаған.
«Оған дейін де бірнеше күн аңдыған екен. Үйіміздің алдында. Соның барлығын жеткіздім. Бірақ оператор қоңырауымызды еш тіркеген жоқ. Сондықтан мұнда полиция қызметкерлері арызды қабылдамады. Прокуратура толықтай іс қозғаудан бас тартты. Мұнда тағы да жедел желі операторы қоңырауымызды мүлде қабылдаған жоқ», – деді марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Дінмұхамед Серікбай.
Еске салайық, Шерхан Аймахан сталкинг, алып қашу, адам өлтіру ісі бойынша сот алдында жауап беріп жатыр. Ол 11 қаңтар күні Шымкенттің қақ ортасында 21 жастағы Нұрай Серікбайды пышақтап, өлтірген.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Еліміздің бірнеше өңіріне есірткі тасымалдаған курьер ұсталды