Қанды оқиғаны Қылмыстық кодекстің 99-бабының екінші бөлігімен қайта саралауды сұрайды
Министрліктің ресми мәлімдемесінен кейін марқұм Нұрай Серікбайдың туыстары істің әділ тергелетініне үміт пайда болғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар сот процесінің ашық өтіп, әрбір сәті онлайн форматта жұртшылыққа көрсетілуін талап етіп отыр. Сондай-ақ отбасы қанды оқиғаны Қылмыстық кодекстің 99-бабының екінші бөлігімен қайта саралауды сұрайды. Қазіргі таңда іс аталған баптың бірінші бөлігімен тергеліп жатыр.
Еске сала кетейік, 11 қаңтарда Шымкенттің қақ ортасында 28 жастағы ер адам жас қызды қуалап жүріп, бірнеше мәрте пышақтап кеткен.
«99-баптың бірінші тармағында «адам өлтіру», ал екінші тармағында «аса қатыгездікпен өлтіру» қарастырылады. Айырмашылығы өте көп. Бірінші тармағы бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін, екінші тармағы бойынша 10 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ауыстыру үшін өтініш жаздық», – деді марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай.
Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын еске салайық.