Алдын ала мәлімет бойынша, ол сіріңкемен құрғақ шөпті тұтатқан
Семейде бір тал сіріңкенің салдарынан қымбат көлік күлге айналды. Полицейлер өрттің кездейсоқ емес, балалардың отпен ойнауынан шыққанын анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Күдікті небәрі 6 жастағы бала екен. Енді келтірілген шығынды оның ата-анасы өтейді. Оқиға тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбасы зерттеліп, өртке дейін көліктің жанында үш баланың жүргені анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың бірі сіріңкемен құрғақ шөпті тұтатқан. Жалын әп-сәтте көлікке тиген. Полицейлердің айтуынша, бұл дерек ата-аналардың түсініктемесімен де расталған.
«Тексеру барысында полицейлер оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеу нәтижесінде өрт шықпас бұрын көліктің жанында үш кәмелетке толмаған баланың болғанын анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың біреуі сірінкені пайдаланып, көліктің жанындағы құрғақ шөпті тұтатқан. 6 жастағы баланың ата-анасы автокөлік иесіне келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндетті болады», – деді ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Қымбат Шалғынбаева.
Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: Алматыдағы Баум тоғайында қоғамдық қауіпсіздік күшейтілді