Өлеңнің өзегі үзілген күн: Алматы жұрты Мұхтар Шахановпен қоштасты

Ақынның мәңгілік мекені киелі Арыстан баб кесенесінен небәрі 800 метр қашықтықта болмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өлеңнің өзегі үзілген күн. Алматы жұрты қазақ руханиятының алып тұлғасы Мұхтар Шахановпен қоштасты. Қаралы жиынға жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Артында өлмейтін сөз, өшпейтін із қалдырған қаламгерге деген құрмет ерекше сезілді. Республика түгіл, алыс-жақын шетелдерден ат арытып келген делегация өкілдері де ұлы тұлғаны ұлықтап жатты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған». Бұл қаза иісі қазақтың қабырғасын қайыстырды. Өнегелі өмір сүріп, ұрпаққа үлгі болған қайраткермен Алматы жұрты қайғыра қоштасты. Қаралы қауым арасында марқұмның туыстарымен қатар, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап,  Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды, Жазушылар Одағының өкілдері және өнер майталмандары бар. Бәрі арда азаматтың жақындарына көңіл айтып, ұлы тұлғаның рухына тағзым етті. ¤

«Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясының мазмұнын байытып, оның қоғамдық салмағын арттырған қаламгер. Қайраткердің ұлтқа сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағасын алды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Қазақстанның Еңбек ері атанды, «Отан» орденімен және басқа да наградалармен марапатталды», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

«Туған еліне аянбай еткен ел тарихындағы ірі тұлға ретінде қалыптасқан еді. Ол елдік мүдде, тіл тағдыры, ұрпақ қамы жолында аянбай еңбек етіп, қоғам қайраткері ретінде артында үлкен із қалдырды деп айтуға болады», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды

Шахановтың шыншылдығы, отансүйгіштігі, шығармашылығы мен адамгершілігі жайлы шексіз шер тарқатуға болады. Алайда оның мемлекеттік қызметте де өз мықтылығын көрсеткені, кәсібилігін дәлелдегені көпке беймәлім. Қайраткердің Қазақстанның, Қырғызстандағы алғашқы елшісі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бүгінгі қаралы жиынға айыр қалпақты ағайындардан да ат арытып, делегация келді.

«Мұхтар Шаханов ағамыз айтқан:

– Желтоқсанда егемендік аңсап ұлы кең дала, 

Тосын мінез көрсеткенде қажырлана, жандана, 

Қазақтың жас өркеніне 

Бүкіл әлем көз тіккенде таңдана,

Жойқын күштер жұдырығын көрсеткенде паңдана, 

Бәрі бұғып қалған кезде, ей бауырым, қырғызым 

Тайсалмастан қолдау айтқан, қорғау айтқан сен ғана! 

Мұхтар ағамыздың жатқан жері жайлы болсын, топырағы торқа болсын. Арты қайырлы болсын! Жаны пейіште болсын!», – деді  «Қырғыз тілі» қоғамының президенті Райымжан Құрбанов.

Мұхтар Шаханов өлеңді әсем сөз үшін емес, ұлттың жүгін көтеру үшін жазды. Қоғамдағы өткір мәселелерге үн қатып,  ұлттық поэзияға жаңа серпін әкелді. Алты алашқа ардақты азамат өнегелі өмірімен, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен көзі тірісінде-ақ қалың жұртшылықтың құрметіне бөленген.

«Сөзімен, тілімен, асқақтығымен қазақтың рухын да асқақтатып кеткен жан. Мұхаңның өзіне «Мұха, сіз керемет ақынсыз» деп айттым. Шын мәніне келгенде тәуелсіз елдің Махамбетінен де асқақ тұлға Мұхаңды айтқан болар едім», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман

Бұған дейін ұлы қаламгердің соңғы тілектерінің бірі Арыстан баб кесенесінің маңында, Отырар өңірінде жерлену болғанын ақынның жары хабарлаған. Ұлы тұлғаның аманаты орындалып, жамбасы кіндік қаны тамған туған жерге тиетін болды. Ертең Түркістан облысы, Отырар ауданында ақынның жаназасы шығарылып, Қоғам ауылдық зиратына жерленеді. Ақынның мәңгілік мекені киелі Арыстан баб кесенесінен небәрі 800 метр қашықтықта болмақ.

Оқм отырыңыз: Өтеген Оралбайұлы: Мұхтар Шаханов – өлең өрнегінде өз мектебін салған ақын

Новости партнеров