Өлім жазасына дайынмын: қайын жұртын айуандықпен өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты басталды

Алғашқы сот процесінде прокурор айыптау актісін оқып шықты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Жангелдин ауылында қайын жұртын айуандықпен өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты басталды. Алғашқы тыңдалымда күдікті бар кінәсін мойындап, тіпті өлім жазасына дайын екенін жеткізді. 29 жастағы айыпталушы сот отырысында 4 бірдей адамды не үшін асқан қатыгездікпен өлтіргенін айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дүйім елді дүрліктірген оқиғаға қатысты алдын ала сот талқылауы басталды. Алғашқы сот процесінде прокурор айыптау актісін оқып шықты. Онда  сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайының туған ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне әкеп соқтырған жанжалдың мән-жайы егжей-тегжейлі айтылды. Белгілі болғандай, 2025 жылы 14 мамырда олар теміржол вокзалында жанжалдасып қалған, кейін екеуі Мұнайшы ықшамауданындағы жалдамалы үйде кездескен. Айыптау нұсқасына сәйкес, күдікті ас үй пышағымен шабуыл жасап, Наурыз Мұқанғалиев сол жерде көз жұмған. Кейін ізін жасыру мақсатында денесін үйдің ауласына көміп тастаған. Содан соң күдікті оның телефонынан 4 млн теңгеден астам несие рәсімдеген.

«Сәрсемәлиев мойын тұсынан қысып, Мұқанғалиевтың сол және оң жақ кеуде тұсынан, іш қуысынан, оң жақ қолында болған ас үй пышағымен бағыттап, бірнеше мәрте ұрып, соққылар жасаған. Сәрсемәлиевтің пышақпен жасаған бірнеше ауыр соққы салдарынан Мұқанғалиев оқиға орнында тілге келместен қаза болған. Мұқанғалиевқа жасаған сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Мұқанғалиев Наурыз Мақсотұлының өлімі сараптама жүргізілген сәті 6-8 ай бұрын болған», – деді мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов.

Сондай-ақ айыптау актісінде 2025 жылдың 3 қарашасында тағы екі адам, Өтешқалиева Нәсіп пен Қарабалин Мақсоттың өлтірілгені көрсетілген. Тергеу мәліметінше, күдікті ауладағы сарайда алдын ала пышақ дайындап, қолайлы сәтті күткен. Кейін екі адамға да бірнеше мәрте пышақ жарақатын салған. Ал 5 қарашада Мейрамгүл Мұқанғалиеваны «Мұнайшы» ықшамауданындағы жалдамалы пәтерге апарып, өлтіріп, денесін Наурыз Мұқанғалиевтің қасына көмген деген айып тағылды. Төрт адамды жер жастандырды деген басты күдікті қылмысқа ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын айтты. 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев бұған қарамастан әйелімен бірге тұруды жалғастырған, бірақ оның сөзінше, жұбайының туыстары тарапынан қысым тоқтамапты. Ол өлім жазасына дайын екенін әрі мұндай қылмысқа отбасын сақтап қалу үшін барғанын жеткізген.

«Мен жасаған қылмысым үшін жауапкершілікке, кез келген жазаға – мейлі ол өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру болсын, дайынмын. Барлық қылмыстарымның басты себебі – өзімнің отбасымнан ажыратуға итерлмегендері үшін қасақана жауап бердім. Әйелім екеуміздің ортамызға түсіп, ажырастырды, сонда біз тұра бердік. Қайта қайта отбасыма қоқан лоқы көрсетті, осы қылмыстың бәрі әйелімді, бес баламды менен тартып алу, мені бопсалап, осындай қылмысқа итермеледі. Өте адам төзгісіз ар намысыма тиді. Тіпті бұлардың сөздері мені ақылымнан алжастырды, адами болмысымды күйретіп жіберді», – деді сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиев.

 Алайда жәбірленуші тарап бұрынғы күйеу балаларының сөзін жоққа шығарып отыр.

«Оларға керісінше көмектесіп тұрды. Өлгенше. Қарсылық білдіретін әңгіме болған жоқ. Мүмкін емес, келіспеймін. Ағам да, жеңгем де айтқан жоқ», – деді марқұмның туысы Әдемі Мұқанғалиева

Ал келесі сот отырысы 28 мамырда өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Жангелдин ауылында жоғалып кеткен бір отбасының төрт адамы өлі күйінде табылған. 66 және 62 жастағы ерлі-зайыпты зейнеткерлер сарайдан, ал ұлы мен қызының мәйіті күдіктінің жалдамалы үйінің ауласынан табылған  

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау.

Оқи отырыңыз: Ақыл-есі дұрыс емес: Шымкентте көшедегі әйелді бауыздап кеткен ер адам түрмеге қамалмайды

Новости партнеров