Алатау ауданындағы 550 оқушыға арналған мектептің құрылысы аяқталды

Қала бойынша 29 білім нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл білім беру саласында ауқымды құрылыс қарқын алды. Қала бойынша 29 білім нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мегаполисте оқушы орны тапшылығы азайып, мектеп инфрақұрылымы заман талабына сай жаңғыртылуда. Қазір шаһарда жаңа мектеп салу, қолданыстағы білім ошақтарын кеңейту және сейсмикалық күшейту жұмыстары қатар жүргізілуде.

Сондай нысанның бірі – Алатау ауданындағы Зерделі шағынауданында бой көтерген жаңа мектеп. Құрылысы аяқталған білім ордасы 550 оқушыға арналған. Жалпы аумағы 7,4 мың шаршы метр, үш қабатты ғимарат заманауи талаптарға толық бейімделген. 

«Нысанда шаруа 2022 жылы басталды. Бірақ бірінші мердігер жұмысты созып, уақытылы тапсырмағандықтан олармен келісімді үздік. 2025 жаңа компания жұмысын бастап, бір жыл ішінде ғимаратты толық бітіріп шықты. Енді Зерделі ауданының оқушылары жаңа оқу жылында осы білім ордасына келіп, білім ала алады», – деді Құрылыс басқармасының бас маманы Ербол Османов.¤

Жаңа мектепте 5 пен 11-сынып оқушылары білім алады деп жоспарланған. Ғимарат ішінде 22 оқу кабинеті қарастырылған. Бірінші қабатта 229 орындық асхана, әкімшілік бөлмелер және еңбекке баулу шеберханалары орналасқан. Сондай-ақ оқу ордасында 12 мың кітап сақтауға арналған кітапхана қоры мен медиатека жұмыс істейді. Жалпы аумағы 2,3 гектар жерді қамтитын мектеп маңында спорт және ойын алаңдары салынған. Аумақ толық көгалдандырылып, оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы білім алуына жағдай жасалып отыр.

«Біз қабылдаған кезде бетонный жұмыстар жасалған болатын. Жалпы обьектінің 30-35 пайыз дайын еді. Сол уақыттан бастап, қазірге дейін нысан 100% бітті тұр», – деді құрылыс компаниясының басшысы Дастан Әділбеков.

Оқи отырыңыз: Алматыда Абай ұлттық мектебінің жаңа ғимараты ашылды

Новости партнеров