Ұлттық қорда шығын көп. Бүгін Үкіметте есеп берген Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев биыл бірінші тоқсанда қорға 184 миллиард теңге түскенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкімет Ұлттық қорға тағы қол салды. Премьерге онлайн есеп берген Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев биыл бірінші тоқсанда ондағы активтер 2,5 пайыз азайып, 62,3 миллиард доллар болғанын айтты. Себебі, қордан республикалық бюджетке 800 миллиард теңге алынған. Ал түсім небәрі 184 миллиард теңге. Осылайша, үш айда Ұлттық қордан алынған ақша түскен қаржыдан 4 есе асып кеткен. Ал мемлекеттік қаржының жай-күйіне тоқталған министр Мәди Такиев болса, теңгенің нығайып, доллардың арзандауы республикалық бюджет кірісін азайтқанын жеткізді. Сөзінше, қазынаға 146 миллиард теңге кем түскен.
«Теңге бағамының орнықтылығы, республикалық бюджет кірістеріне, тежеуші фактор ретінде әсер етті. Есепті тоқсандағы бір доллардың орташа бағамы, болжамды 540 теңгеден 497,7 теңге деңгейінде орын алуы, түсімдердің шамамен 146 миллиард теңгеге дейін азаюына алып келді», - деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Қазақстан экономикасына жыл басынан бері 3,5 триллион теңге инвестиция салынған. Қаражат тартудан көш басында Жамбыл, Түркістан және Ұлытау облыстары тұр. Ал Қостанай, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Шымкент қаласында көрсеткіш төмендеген. Экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин капиталдың басым бөлігі қай секторға салынғанын тізіп шықты.
«Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауға салынған инвестициялар көлемі 2,5 есеге, ақпарат және байланысқа 2 есеге, ауыл шаруашылығына 70,6%-ға, саудаға 28,2%-ға, өңдеу өнеркәсібіне 21,6%-ға, көлік қызметтеріне 7,9%-ға өсті», - деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.
Биыл тұрғын үй салу бойынша жоспар орындалмай қалуы әбден мүмкін. Құрылысқа жауапты Ерсайын Нағаспаев осылай деп отыр. Сөзінше, салынуы тиіс 22 миллион шаршы метр тұрғын үйдің 18 жарым миллион шаршы метрі ғана бой көтеруі мүмкін. Мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр деген министр, Үкіметтен ақша сұрады.
«Әкімдіктердің қарыз алу шектеулерін ескере отырып, жергілікті бюджеттерге облигациялар бойынша негізгі қарызды өтеу және пайызды төлеу шығындарын жабу тетігін қарастыру қажет. Немесе бұл шығындарды республикалық бюджет есебінен өтеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Баяндамашылардан кейін сөз алған Олжас Бектенов Сауда министріне елдегі ірі көтерме базарларда тәртіп орнатып, бағаны негізсіз шарықтататын делдалдардың жолын кесуді тапсырды. Ол сауда орындарында арнайы топтар отырғанын және олар халыққа керекті тауарларды әдейі қымбатқа сатып жатқанын айтты. Премьер инфляциямен осылай күресуге көшкен сыңайлы.
«Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов
Ел экономикасы жылдың алғашқы тоқсанында 3 пайыз өскен. Дегенмен, кей облыста жекелеген салаларда төмендеу байқалған. Үкімет басшысы әкімдерге негізгі көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Сондай-ақ министрлерге барлық салаға жасанды жадыны енгізіп, қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, нарықта монополияға қарсы бақылауды күшейтуді тапсырды. «Бос әңгімені доғаратын уақыт келді» деп сөзін түйді Бектенов.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр, Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Қазақстанда құрылыс сапасына мемлекеттік бақылау күшейеді