"Омыртқасын сындырып жіберген": Шымкентте емші науқасты балғамен ұрып емдеген

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ол аздай, жұлынға да зақым келіп, нәтижесінде науқас жүруден қалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте емшіге барып, ем іздеген тұрғын аяғын баса алмай қалған. Омыртқасы сыр берген науқас, әлеуметтік желіден тапқан емшінің көмегіне жүгінген. Алайда емнің орнына жұлыны зақымдалып, омыртқасын сындырып алған. Бұл туралы №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент қаласының тұрғыны, бел ауруына қатысты шағым айтып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ақ халаттылар омыртқа жотасына шұғыл түрде ота жасау керек екенін жеткізген. Бірақ науқас өз бетімен емделуді жөн санап, әлеуметтік желіден тапқан емшіге жүгінген. Алайда емші ауырып барған адамды емдеудің орнына балғамен ұрып, омыртқасын сындырып жіберген. Ол аздай, жұлынға да зақым келіп, нәтижесінде науқас жүруден қалған.

«Науқастың сөзіне қарағанда, кереуетке жатқызып қойып, балғамен ұрған. Салдарынан, екі аяғында жансыздану болған. Сөйтіп, ертесіне қайта келуді сұраған. Бірақ сол күні кешкісін бізде жедел жәрдеммен жеткізілді. Тез арада тексеру жүргіздік. Омыртқасын сындырып жіберген. Жұлынға да зақым келген. Науқас бізде бірнеше уақыт жатып, толықтай емделіп шықты. Екі аяғына жан бітті. Үйіне шығарылды», - деді №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы. Дәрігерлер оның ешқандай шағымы жоқ дейді. Сондықтан дипломы жоқ мамандарға өз денсаулығыңызды сеніп тапсырмағаныңыз абзал деп отыр.

«Түрлі остехондрозда, түрлі бел омыртқасы, мойын омыртқасы жарықтарында ешқандай дипломы жоқ мамандар түрлі әдісті қолданып жатады. Қорқыныштылау әдістер. Кейде өзім де қарап отырамын, үлкен салмақтағы кісілерді аяғындағы саусағына байлап қойып, оны белінен ұрып жатады, үстінен секіріп жатады. Мойнын қытырлатып жатады. Бұл өте қауіпті жағдай. Денсаулығыңыз сыр берсе, дәрігерге бару керек. Рентген жасау керек. МРТ түсіру керек. Кез келген ауруды остехондроз екен деп, тоқпақтай беруге болмайды. Омыртқаға, жұлынға зиян», - дейді №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов.

Қазақ ежелден дәстүрдің ажырамас бір бөлігіне айналған халық емімен де түрлі дерт, ауруларды емдей білген. Бұл тұрғыда халық емшілер қауымдастығының мүшесі Мәриям Досбалаева омыртқа аралық остехондрозды ұрып емдеу дұрыс емес деп отыр. Айтуынша, бұл ауруды уқалу арқылы, бал жағып емдеуге болады. Ал ең дұрысы, дәрігерге жүгініп, нақты диагнозға сай ем шараларын қабылдау қажет екен.

«Ұрып емдеген емшілерге мен қосылмаймын. Өйткені, ол дұрыс емес. Ұрып емдеу, сүйектің, омыртқаның қисаюынан болады. Оны емдейтін адамдар болады. Әр аурудың өз маманы болады. Мысалы, тіс аурудың маманы, гинеколог бола алмайды. Остехондроз деген қан жақсы жүрмегендіктен болады. Қимыл аздықтан болады. Көп отырғаннан болады. Омыртқаны созу керек. Жаттығу жасату керек. Бірақ біз маманы емеспіз. Сосын массаж жасаймыз. Көп адамдар сертификат алады. Қолдың биотогын тексереді. Құжатымыз түгел. Біраз емшілерге барсақ, документсіз емдейтіндер бар. Анадан көріп, мынадан көріп, ем бар екен деп қолданатын адамдарда көп. Ондай адамдарда табылады ортамыздан», - дейді халық емшісі Мәриям Досбалаева.

Оқи отырыңыз: Бір адам мойнына алмаса, бәрімізге қиын болады: Абзал Шынасыл Шерзатқа пышақ сұқпағанын айтты

Новости партнеров