Тиісті сараптамалар мен зерттеулер тағайындалып, оған салалық мамандар тартылған
Өскемендегі «Қазмырыш» зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан болуы мүмкін. Мұндай болжамды Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкіметте айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Сөзінше, адам өліміне әкелген ірі апат бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тиісті сараптамалар мен зерттеулер тағайындалып, оған салалық мамандар тартылған. Сондай-ақ ведомство басшысы жұмысшылар қаза болған «Востокцветмет» шахтасында болған апат тау-кен жұмыстарын дұрыс жоспарламау және қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан болуы мүмкін екенін жеткізді. Ол тергеу аяқталғаннан кейін кәсіпорындарға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
«Бұған дейін осы объектілерде техникалық құжаттамаларға сай келмеу, техникалық құрылғылардың мерзімін ұзарту сараптамаларының болмауы, жобалық құжаттамадан ауытқу, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ тозған жабдықты уақтылы ауыстырмау сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталғанын айта кеткен жөн», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Оқи отырыңыз: «Заң мен Тәртіп» жобасы аясында жастарға арналған құқықтық квест-марафон өтті