Ол 150-ге жуық ән мәтінінің авторы ретінде ел жадында сақталған
Алматыда қазақ руханиятының көрнекті өкілі, ақын, сазгер әрі драматург Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Өнермен өрнектелген өмір» атты әдеби-поэтикалық кеш өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Іс-шарада сырлы сезімге толы әндер шырқалып, қаламгердің сан қырлы шығармашылығы кеңінен насихатталды. Сонымен қатар Бәкір Тәжібаевтың өнегелі ғұмыры мен өнердегі қолтаңбасы жайлы мазмұнды естеліктер айтылып, көрермендер рухани кештің ерекше әсерін сезінді.
Айта кетейік, Бәкір Тәжібаев – қазақ ән өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол 150-ге жуық ән мәтінінің авторы ретінде ел жадында сақталған.
«Кезінде әкеміз домбыраны өте жақсы тартқан. Сондықтан да термелерді керемет айтатын. Махамбеттің термелерін, халық ақындарының термелерін жақсы айтатын. Содан кейін күйші ретінде біраз күйлерді сағаттап тартатын», – деді Б. Тәжібаевтың ұлы Жасұлан Тәжібаев.
«Менің ойымша, іс-шараның тәрбиелік мәні бар. Жастар өнердегі ағаларды, танымал өнерпаздарды, ақын, композиторларды білу керек. Өткенді білсек, болашаққа да жақсы көзқараспен қарайды», – деді П. И. Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев.
Оқи отырыңыз: Алғашқы том жарық көрді: Бәкір Тәжібаевтың ұмытылған әндері қайта жаңғырды