Өңір туризмінің драйвері: Алматы облысында халықаралық фестиваль ұйымдастырылды

Биыл іс-шараға шамамен 30 мыңнан астам адам қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының аспанында 30 әуе шары қалықтап, алыс-жақын шетелдерден туристерді жинады. Демалыс күндері өткен халықаралық фестивальдің ауқымы биыл артқан. Онда тек әуе шарлары емес, балаларға арналған алаңдар, концерттік бағдарлама мен демалыс аймақтары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысының аспаны демалыс күндері түрлі түске боялды. 30 әуе шары қалықтап, көпшіліктің көңілінен шықты. Халықаралық фестиваль - өңір туризмін дамытуға бағытталған бірден бір жоба. Биыл іс-шараға шамамен 30 мыңнан астам адам қатысты.

Фестивальге келушілер саны жыл сайын артып келеді. Жоба алғаш рет 2023 жылы бастау алып, Алматы қаласында 20 мың адамды жинаған. Ал 2023 жылы Қонаевта өтіп, екі күнде 80 мыңға жуық келушіні қабылдаған. Ал биылғы халықаралық іс-шараға Қазақстанмен қатар Германия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан қонақтар арнайы келген.

«Қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Алматының маңында осындай көлемді іс-шара өтіп жатыр. Өзбекстаннан қазір 5 әуе шары осында қалықтап жүр. Маңыздысы - балалық шақтың алаңсыз күндері еске оралады. Біз әуе шарларын аспанға көтерген сайын, ересектердің көзінен дәл сол қуанышты көреміз. Сонымен қатар, бізді осында шақырғаны үшін Қазақстанға алғысымызды білдіреміз», – деді Өзбекстан аэронавтика федерациясының басшысы Тахир Салиев.

.Ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға 700 адам қатысып, фестивальдің жоғары деңгейді өтуі үшін ұзақ уақыт дайындалған. Мақсат – көпшіліктің есінен кетпейтін, көңіліне ерекше күй сыйлайтын атмосфера жасау. Ал өңір туризміне жауаптылардың сөзінше, бұл экономикаға да елеулі үлес қосады.

«Бұл – Қазақстанда жалғыз өтетін әуе шарлары фестивалі. Құдай қаласа, жыл сайын өтетін фестивальдің бірі деп айтарым бар. Бұл – туризм саласындағы жұмыстардың бірі. Ақпараттық туризм  өте қарқынды жүріп келе жатыр», – деді Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.

Іс-шара аясында тек әуе шарлары емес, балалар үшін ойын алаңдары мен аниматорлар жұмыс істеді. Сондай-ақ демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Одан бөлек, фестиваль аумағында атпен серуен, батпырауық ұшыруға мүмкіндік берілген.

«Биыл әуе шарларына 16 адам сиятын себеттер орнаттық. Әдетте бізде 4-8 адамға арналған шарлар ұшатын. Фестиваліміздің ауқымы кеңейгенін қалаймыз. Франциядағы секілді 1 аптада миллионға жуық туристі жинайтын іс-шара ұйымдастырғымыз келеді және сол үшін барымызды салып жұмыс істеп жатырмыз», – деді фестивальдің бас продюсері Наталья Расторопнова.

Айта кетейін, екі күнге созылған халықаралық фестиваль аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахнада аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі бастап, эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Оңтүстік Корея онкологтары Алматыда бас қосты

Новости партнеров