Алматы қаласы елімізде медицина саласын жаңғыртудың алдыңғы шебінде тұр
Медицинаның жаңа дәуірі: Алматы – саланың серпінді дамуына тірек болған шаһар. Тәуелсіздік декларациясы қабылданғалы бергі 35 жылда еліміздің денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі өзгерді. Өңірлерде заманауи емханалар мен ауруханалар салынып, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылды. Әсіресе Алматы қаласы медицина саласын жаңғыртудың алдыңғы шебінде тұр. Мұнда 2030 жылға дейін 32 жаңа нысан бой көтеріп, 14 мекеме толық жаңартылады. Бүгінде қала ауруханаларына ТМД кеңістігінде теңдесі жоқ технологиялар енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Елімізде денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып, цифрлық технологиялар кезеңіне қадам басты. Тәуелсіздік жылдары медицина саласына бағытталған ірі жобалардың дені бүгінде Алматыда жүзеге асып келеді. Қазір жаңа ғимараттар тұрғызумен қатар, қолданыстағы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, оларды жаңа технологиялармен қамтуға назар аударылып жатыр.
«Денсаулық сақтау саласында әсіресе материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайды. Лабораториялық зерттеу деңгейі де жоғары. Қазір біз ерекше мақтанышпен айта алатын бағыт – онкология саласы. Естеріңізде болса, еліміз кезінде туберкулезге қарсы күресте үлкен жетістікке жетті. Сол уақытта аудан орталықтарында арнайы орталықтар мен диспансерлер ашылған еді. Міне, дәл осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде ондай орталықтар тек облыс орталықтарында ғана қалды», – деді қалалық мәслихат депутаты, №25 емхананың директоры Әкім Тұрсын.
Бүгінде мегаполисте онкологиялық көмекті жетілдіруге айрықша көңіл бөлінуде. Қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалау мен тиімді емдеу бағытында жаңа әдістер енгізіліп келеді. Алматыдағы онкологиялық орталықтарға жоғары технологиялық жабдықтар орнатылып, жұмысқа білікті жас мамандар тартылуда.
«30 жылда пайда болған жаңа емдеу әдістері жөнінде айтсақ, онкология саласында айтарлықтай серпіліс бар. Мәселен, иммуно-химиялық әдіс. Онда ағзаның қай тұсында мутация, инфекция бары анықталады. Әрине, химиялық ем ағзаға токсиндер бөлетінін білеміз, ал бұл таргеттік терапия түрі емді дәлдікпен ауру анықталған жерге ғана әсер етеді. Үшінші пайда болған әдіс - аз инвазивті ем. Біз келген науқасқа емнің түрін асқыну дәрежесіне сай тағайындаймыз», - деді Алматы онкологиялық орталығы бас дәрігердің орынбасары Әлия Түрешова.
Цифрлық медицина мен жасанды интеллектіні қолдану – денсаулық сақтау жүйесінің жаңа бағыты. Осыған орай, Алматыдағы онкология орталығында ТМД-дағы алғашқы KIRO Oncology жүйесі қолданылып келеді. Робот препараттың штрихкодын, салмағын және сыртқы түрін бірнеше деңгейде тексеріп, дозаны миллиграмм дәлдікпен есептейді. Жасанды интеллект көмегімен құрылғы дайын препаратты 360 градусқа айналдырып, камера арқылы бейнесін базамен салыстырады. Егер сәйкессіздік болса, жүйе автоматты түрде препаратты қабылдамай, процесті тоқтатады.
KIRO Oncology деп аталатын бірегей роботтың автоматтандырылған жүйесі химиялық препараттарды асқан дәлдікпен және қауіпсіз араластыруға арналған. Оның басты ерекшелігі - гравиметриялық бақылау дәрінің нақты мөлшерін жасап шығарады. Әр науқастың дәрігердің нұсқамасы бойынша арнайы штрихкоды болады. Дәл қазір біз сондай процестердің біріне қатысамыз.
«Біздің бөлім қаңтар айында ашылды. Робот Испаниядан келгеннен кейін оны қолдануды үйрендік. Басында түнде түсетін науқастардың препараттарын жасадық, сосын күндізгі ауқымды да алдық. Осы уақытта 35 мыңнан аса дәрі әзірледік. Мұндай роботты барлық онкологиялық орталықтарға әкелсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені бұл дәрігерлердің және науқастық денсаулығына төнетін қатерлерді азайтады», - деді Алматы онкологиялық орталығы госпитальдық фармация бөлімшесінің меңгерушісі Әйгерім Нұржанова.
Дайын препараттардың мөлшері арнайы таразы арқылы тексеріледі. Автоматтандырылған жүйе өзі бәрін тексереді. Штрих-код арқылы шыққан өлшемді жабыстырып, науқасқа жібереміз. Бұл технологияның тағы бір ерекшелігі - дәрігерлердің зиянды химиялық қоспалардың зиянынан қорғайды.
Алматы бүгінде тек ел бойынша емес, Орталық Азия аймағы үшін дамыған медициналық орталыққа айналып келеді. 19 мыңнан астам дәрігер мен медицина қызметкері жұмыс істейтін қала клиникалары 80-нен астам жоғары технологиялық қызмет түрін көрсетеді. Алдағы жылдары заманауи ауруханалар желісін кеңейтіп, шетелдік науқастарға қызмет көрсетуді дамыту жоспарланған.
Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ғылымға серпін берген тәуелсіздік: отандық зерттеушілердің тың жетістіктері қандай