Оқу ордасының бұрынғы проректоры тендер өткізбестен, 140 млн теңгенің келісімшартына қол қойған
Оңтүстік Қазақстан университетінің 6 қызметкері сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салсақ, 3 ай бұрын аталған білім ұясында ақша жымқыру схемасы әшкере болған. Белгілі болғандай, оқу ордасының бұрынғы проректоры тендер өткізбестен, 140 млн теңгенің келісімшартына қол қойған. Сөйтіп, оның 13 миллионын қалтасына басыпты. Онымен қоймай, университет ғимаратына жөндеу жүргізу сылтауымен тағы 116 млн теңгеге шарт жасап, қаражатты жеке кәсіпкерлердің есепшотына аударған. Ал бұл қаржы қымбат автокөліктер сатып алуға жұмсалған.
«Экс проректор қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны және ауыр зардаптарға соқтырған немқұрайлылық танытқаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Сондай-ақ оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Іс бойынша қалған тұлғаларға 1 жылдан 7 жылға дейін түрлі жаза кесілді. Бірақ олардың кейбіріне рақымшылық заңы қолданылып, шартты жаза тағайындалды», – деді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Мектеп формасын алып қойып ек: марқұмның анасы баласын қағып кеткен жүргізуші тиісті жазасын алғанын талап етті