Оңтүстік шекара: Көлік ағыны қайта бөлініп, бекеттер жаңғыртылуда

30.10.2026 19:10

Жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» бекеті тәулігіне 70 мың жолаушы, 200 автобус және 3 мыңға жуық жеңіл көлікті кідіріссіз өткізе алады

Түркістан облысындағы кеден бекеттерінде жүк көліктерінің кезегі азаяды. Бұған дейін Мемлекет басшысы елдің транзиттік әлеуетін күшейту үшін шекара инфрақұрылымын ретке келтіріп, өткізу пункттеріндегі жүктемені теңгеруді тапсырған. Осы міндетті орындау мақсатында оңтүстік шекарадағы көлік ағыны қайта бөлініп, құжат рәсімдеу жеңілдетілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздің оңтүстігіндегі шекаралардағы жүктеме негізінен «Бауыржан Қонысбаев», «Қапланбек», «Қазығұрт» және «Жібек жолы» бекеттеріне түсіп отыр. Арнайы жұмыс тобы дәл осы төрт пунктті аралап, ұзын-сонар кезектің неден туындайтынын зерделеді. Ал кеден және шекара қызметкерлері тасымалдаушылармен бірге көлік ағынын реттеу тетіктерін белгіледі.

«Бір жүйе қалыптастыруымыз керек. Ол жүйе полиция департаментінде қызметкерлердің планшетінде шығып тұруы керек. Қазір бұл жұмысты өздері істеп отыр. Бұл жерде адами фактор ойнап кетпеу керек. Қайтадан ақшаны табу көзіне айналдырып жібермеу керек», – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.

Шекарадағы кідіріс экспорт пен импортқа тікелей әсер етеді. Енді жүк көліктерін тез өткізу үшін тексеру мен құжат рәсімдеу цифрландырылады. Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» бекетінің мүмкіндігін толық пайдалану арқылы өзге пункттердегі жүктемені азайту көзделіп отыр.

Жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» бекетінің құрылысы да тексерілді. Қазір мұнда соңғы кезеңдегі жұмыстар жүріп жатыр. Кешен толық іске қосылғанда оның өткізу қабілеті төрт есе артады. Жаңартылған бекет тәулігіне 70 мың жолаушы, 200 автобус және 3 мыңға жуық жеңіл көлікті кідіріссіз өткізе алады.

«Ғимарат толық салынып, инженерлік желілер, газ, электр қуаты мен байланыс жүйелері қосылды. Қазандық тексеріліп, резервтік генератор орнатылды. Бейнебақылау камералары мен паспорттық бақылау жүйелері де іске дайын. Қазір инспекциялық-тексеру жабдығын орнату және қоршау жұмыстарын аяқтау көзделген. Кіреберіс жолы салынып, қақпалар орнатылды», – деді жоба жетекшісі Ерлан Жаңабаев

 Шекарадағы инфрақұрылымды жаңарту өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады. Ең бастысы — көрші елдермен сауда-саттық жеңілдеп, тасымалдаушылар уақыты мен қаржысын үнемдейді.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда 48 бөбекжай салынады

 

Толық көрсету