Полицияның жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды
Орал қаласында полицейлер көпқабатты тұрғын үйдің 7-қабатындағы пәтердің терезесіне шығып кеткен төрт жасар баланы аман алып қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшіс Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 10 шілдеде сағат 14:10 шамасында Мөңкеұлы көшесіндегі тұрғын үйде болған. «102» арнасына түскен хабарламада кішкентай баланың терезе алдында тұрғаны айтылған.
Оқиға орнына жақын маңда болған Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкері Рысбек Ағзамов көмек сұраған әйелдің дауысын естіп, бірден оқиға орнына жеткен. Көп ұзамай оған Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің қызметкері Рафаэль Ишакаев қосылған. Сондай-ақ осы үйде тұратын Орал қаласы полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының полиция жүргізушісі Батырбек Сейітов үйінен қажетті құралдарын алып шығып, құлыптаулы пәтердің есігін ашуға көмектескен.
Есік ашылғаннан кейін Рысбек Ағзамов пәтерге бірінші болып кіріп, терезеге шығып тұрған шамамен төрт жасар баланы қауіпсіз жерге түсірді. Рафаэль Ишакаев құтқару жұмысы кезінде әріптесіне қолдау көрсеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде баланың анасы қысқа уақытқа сыртқа шығып кеткендіктен, бүлдіршін үйде жалғыз қалған. Осыған байланысты ата-анасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Полицияның жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Тәртіп сақшылары ата-аналарды кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға, жиһазды терезе маңына қоймауға және балалардың қауіпсіздігіне әрдайым мұқият болуға шақырды.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында заңсыз көші-қонды бақылауға жасанды интеллект көмектеседі