Өркениеттен ада: ШҚО-да тұрғындары тіркеуге алынбайын ауыл бар

Ауылдың туристік әлеуеті зор болғанымен, кәсіп бастауға да кедергі көп 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тіршілікте бар, тіркеуде жоқ. ШҚО-да Қайыңды ауылы жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де, заң жүзінде әлі картаға да енгізілмеген. Елдімекен мемлекеттік орман қоры жеріне кіретіндіктен, мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайыңдыны ешбір ресми база көрсетпейді. Себебі, ауыл заңды мәртебе алмаған. Тиісінше тұрғындардың мүлігін тіркеуге де, жер телімін жекешелендіруге де мүмкіндігі жоқ. Алайда мұнда бір емес, бірнеше ұрпақ буыны өмір сүріп жатыр. Ауылдағы ағайын 50 жылдан бері өркениет игілігін көрмеген. 

«1976 жылдан бері мәселе әлі шешілмеді. Жолды күзде сәл тегістегендей болған, қазір жүру мүмкін емес. Екі көлік қатар өте алмайды. Сол жолмен балаларды мектепке алып барамыз. Енді шөп шабу маусымы басталды. Оны үйге жеткізу, тіпті қиынға соғады», – деді Қайыңды ауылының тұрғыны

Жергілікті жұрт елдімекеннің ресми тіркелмегені күнделікті өмірге тікелей әсер ететінін айтты. Ауылға жол салынатын болса, заң бойынша «бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау» болып есептеледі. «Электр желілерін де жөндеу мүмкін емес» деген тұрғындар бағандардың шіріп, сымдардың үзілейін деп тұрғанын жеткізді. Ауылдың туристік әлеуеті зор болғанымен, кәсіп бастауға да кедергі көп көрінеді.

«Қайыңды – экотуризмге таптырмас жер. Қысы да, жазы да көрікті. Бірақ заңды тіркеу болмаған соң, туризмді дамыту да мүмкін болмай тұр», – деді кәсіпкер Бағлан Байзақов.

Мәселені жергілікті билік жақсы біледі. Қажетті құжаттар бірнеше мәрте министрлікке жіберілген. Алайда соңғы берген өтініштері де қабылданбаған.

«Барлық жұмыстар атқарылып, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жолданды.  Ақпан айында бір рет қайта жөндеуге қайтарылды. Себебі қоғамдық тыңдау деген тәртіп бар. Қоғамдық тыңдауға 6 ай уақыты өткендіктен, қайтадан түзетуге жолданды», – деді  Самар ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Әлкенов.

Сенат депутаттары елімізде Қайыңдының күйін кешкен 50-ге жуық елдімекен барын айтады.

 «Бұл елдімекендер орман қоры жерінде тұрған. Кейін аумақ ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесін алған соң, ауылдар тіркеуден тыс қалған. Мұндай жағдай Павлодар мен Абай облыстарында да бар», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина.

Сенатта мұндай ауылдардың мәртебесін реттеуге қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Қайынды тұрғындары оң өзгерістер болатынына үміт артып отыр.

Олжас Омарбек, Руслан Мұхамедияров, ШҚО

Оқи отырыңыз: 6 гектар жерді 68 бөлікке бөліп, сатқандар сотталды: тұрғындар шығынын өндіре алмай әлек

Новости партнеров