«Өрнек» лагерінде ерекше білім беруді қажет ететін 65 бала демалуда

Алматы облысының көрікті тау бөктері балалар үшін демалыс пен дамуды ұштастыратын ерекше ортаға айналмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған алғашқы инклюзивті ауысым басталды. Алдағы он күн бойы «Өрнек» лагері балалар үшін жай ғана демалыс орны емес, әрқайсысы өзін зерттеуші, суретші әрі өз жетістігінің авторы ретінде сезінетін ерекше кеңістікке айналмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы облысының көрікті тау бөктері балалар үшін демалыс пен дамуды ұштастыратын ерекше ортаға айналмақ. Мұнда жеткіншектерге арналған «Art&Science&Eco: жаңа ашылымдар» бағдарламасы әзірленген. Жоба бірден үш бағытты - өнер, ғылым және экологияны қамтиды. Қатысушыларды арт және сенсорлық шеберханалар, қызықты тәжірибелер, экологиялық тапсырмалар орындап,  сондай-ақ әр баланың мүмкіндігіне қарай бейімделген спорттық және ұлттық ойындар ойнай алады.  

«Өнер, ғылым, табиғат жаңа ашылымдар ауысымының басты мақсаты – білім беру, сауықтыру бағдарламасы аясында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын мазмұнды өткізуді ұйымдастыру. Олардың шығармашылық, танымдық коммуникативтік және әлеуметтік бағдарын, дағдыларын  дамыту», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әсия Мәлімова.

Биыл лагерде 65 оқушы демалады. Олардың қатарында Алматыдағы арнайы мектеп-интернаттың есту және сөйлеу қабілетінде ерекшелігі бар тәрбиеленушілері қамтылған. Мұнда оларға жаңа білім мен пайдалы дағдылар ғана берілмейді. Балалар ең маңызды құндылықтарды – қарым-қатынас орнатуды, бір-біріне сенуді, команда да жұмыс істеуді және өзіне деген сенімділікті үйренеді. Мұның бәрі педагогтер мен психологтердің тұрақты қолдауымен жүзеге асады.

«Мен лагерьге алғаш рет келіп отырмын. Мұнда көп дос таптым, бәріміз жақсы араласып кеттік. Алдағы он күнді бірге қызықты әрі ұмытылмастай өткізгіміз келеді», – деді 4-сынып оқушысы Даниял Тоқтабек.

Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар жазғы демалысты көңілді өткізу үшін ғана емес, әр баланың мүмкіндігі шексіз екенін көрсету үшін қолға алынған. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осындай бағдарламалардың ауқымын кеңейтіп, әр бала үшін қолжетімді әрі қолайлы орта қалыптастыруды жалғастырмақ.

Айжан Дайрабай, Аида Иманәлі, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Summer Fest: Алматыда музыкалық фестивалі басталды

Новости партнеров