ТЖМ қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында өрттің таралуына жол берілмеді
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жаңа салынып жатқан әкімшілік ғимараттан шыққан өртті сөндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға Алматы қаласының Алатау ауданындағы Солтүстік айналма жол аумағында орын алды.
Салынып жатқан үш қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры жанған.
"Оқиға орнына келгеннен кейін өрт сөндіруші-құтқарушылар санаулы минуттар ішінде шатырға көтеріліп, өртті сөндіруге 6 су оқпанын берді. Өрт ошақтарын анықтау үшін бензокескіштер қолданылып, өрт сөндіру автосатылары орналастырылды, сол арқылы да су берілді", - деп хабарлады төтеншеліктер.
Оқиға орнында ТЖД Құтқару қызметінің эвакуаторлары жұмыс істеп, тұрақта тұрған автокөліктерді қауіпсіз жерге жылжытты. Жедел штаб құрылды.
Полиция қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алды. Өртті сөндіруді Алматы қаласы ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов басқарды.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында өрттің таралуына жол берілмеді.
"Өрттің аумағы 1000 ш.м. құрады. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге 60-тан астам жеке құрам және 20-ға жуық техника жұмылдырылды", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Жүздеген құқықбұзушылық анықталды: Жетісу облысында жол қауіпсіздігі күшейтілді