Елімізде баласы бар отбасыларды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі
«Жаңа Конституцияда отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі және олардың құқығын қорғауға ерекше басымдық берілген». Сарапшылар бұл бағыттағы нормалардың нығаюы отбасының құқықтық тұрғыдан қорғалу деңгейін бұрынғыдан күшейте түсетінін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Отбасы – Конституциядағы негізгі құндылықтардың бірі. Сарапшы Руслан Ибраев басты құжатта осы институтты нығайту көзделіп, бала құқықтары мен олардың тәрбиесіне қатысты нормаларға айрықша мән берілгенін айтады. Ол «мемлекет отбасын қолдаудың нақты тетіктерін де дамытып келеді» дейді. Сөзінше, елімізде 153 жанұя орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде психологиялық, материалдық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар азаматтарды оқытып, қайта даярлаудан өткізіп, кәсіпкерлікке де баулиды.
«Қазақстанда 153 отбасын қолдау орталығы ашылған. Кейбір өңірде «жанұя» орталықтары деп айтады. Олар әртүрлі бағытты қамтиды. Солардың бірі – мұқтаж отбасыларға көмек көрсету. Экономикалық кезеңдер болған кезде бірінші әйелдер мен балалардың құқығы қорғалбайды, сондықтан олардың материалдық жағдайын жасау үшін жүйеленген орталық әр өңірде жұмыс істеп жатыр», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институты Отбасылық саясат бөлімінің бас сарапшысы Руслан Ибраев.
Елімізде баласы бар отбасыларды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан түрлі әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Еңбек министрлігінің мәліметінше, биыл 634 мыңнан астам көпбалалы отбасына 252 миллиард теңгеден астам жәрдемақы төленіпті. Одан бөлек, табысы кедейлік шегінен төмен жанұяларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мәселен, жыл басынан бері 36 мыңға жуық отбасына 13,9 миллиард теңге берілген.
«Аталған жәрдемақыдан басқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес балалы отбасыларға келесі жәрдемақыларда қарастырылған. Бұл – бала туғанда берілетін біржолғы мемлекетті жәрдемақы. Екіншіден, жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы бар. Мүгедектігі бар баланы балаларды тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға, қорғаншыға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы жәрдемақы қарастырлыған», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атаулы әлеуметтік көмек басқармасының басшысы Алтынжан Маясарова.
Мемлекет «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға да ай сайын жәрдемақы төлейді. Сарапшы Руслан Ибраевтың айтуынша, бұл – отбасын қолдау жүйесінің тиімділігін көрсететін нәтижелердің бірі. Сондай-ақ ол бұған қатысты бірқатар маңызды нормалардың Отбасы кодексінен Конституциялық деңгейге көтерілгенін айтып отыр.
Айта кетейін, Қазақстанның жаңа Ата Заңы тура бір аптадан кейін қолданысқа енеді.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Алматыда Тәжікстан өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді