Референдумға дейін:
23
күн
10
сағат
55
минут

Отбасын қолдау: Алматыдағы орталықта 2000-нан аса отбасына әлеуметтік қызмет көрсетіліп жатыр

Орталыққа жүгінген әрбір жан шамамен 6 ай көлемінде мамандардан кеңес алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Азаматтарды күйзеліс кезінде жалғыз қалдырмай, олардың құқығын қорғап, психологиялық тұрақтылығын қалпына келтіру - дағдарыс орталықтарының басты мақсаты. Алматыдағы сондай мекеменің бірі қамыққан жанға көңіл бөліп, жаңа өмір бастауға көмек көрсетеді. Бүгінде онда екі мыңға жуық шаңырақ иесі түрлі әлеуметтік қызмет алып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алматылық Тілекші Қабешева  - «Отбасын қолдау» орталығынан қолдау іздеп келгендердің бірі. Алты баланың анасы былтыр жолдасымен ажырасып, күйзеліске түскен. Мекеме жайлы таныстарынан естіп, өмірін қайта бастауға шешім қабылдаған. Бастапқыда құқықтық мәселелер бойынша кеңес алып, кейін психологтың көмегіне жүгініпті. Мамандардың қолдауы өзіне деген сенімді арттырып, қайта бейімделуіме мүмкіндік берген.

«Баламды бақшаға орналастыра алмай жүрдім, көмектесті. Тәулік бойы қолдау көрсетіп отырады. Осында келгелі барлық мәселем шешіліп, еңсемді көтеріп, екінші тынысым ашылғандай болды. Өте көп көмегі тиді», - қала тұрғыны Тілекші Қабешева.

Орталыққа жүгінген әрбір жан шамамен 6 ай көлемінде маманмен жұмыс істейді. Толық қалпына келмейінше бақылауда болады. Мұнда келген адам алдымен өз мәселесін айтып, қай бағытта қолдау қажет екенін анықтайды. Егер отбасылық немесе құқықтық сұрақтар болса, заңгерлер ажырасу, алимент өндіру сияқты құжаттарды рәсімдеу тәртібін түсіндіреді. Әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік көмек туралы да ақпарат беріледі. Қажет болған жағдайда жұмысқа орналастырады.

«Бүгінде орталықта 2 мыңнан аса отбасы түрлі әлеуметтік қызмет түрін алып жатыр. Оның 600-ден астамы заңгерлердің көмегіне жүгінсе, 700-ден көбі психолог мамандарынан кеңес алған. Мекемеге әлеуметтік санатқа жататын және қиын өмірлік жағдайдағы кез келген азамат жүгіне алады, қызметтің бәрі тегін көрсетіледі, - «Отбасын қолдау орталығы» директорының міндетін атқарушы Ақмолжан Зарипов.

Айта кетейік, «Отбасын қолдау» орталығына кез келген адам жүгіне алады. Қызмет алушылардың сөзінше, бұл тек көмек көрсететін мекеме ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын орын.

Диана Тұрлыбек, Медет Саматұлы

Оқи отырыңыз: Таразда 13 жастағы қызды ұрламақ болған 2 ер адам ұсталды

 

 

Новости партнеров