Алматы әуежайында спортшыларды жанкүйерлер мен жақындары ерекше құрметпен қарсы алды
Пара пауэрлифтингтен Азия және Океания чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды. Алматы әуежайында спортшыларды жанкүйерлер мен жақындары ерекше құрметпен қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қатарында байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, күміс жүлдеге қол жеткізген Гаухар Өмірзақова да бар. 32 жастағы алматылық спортшы 104 келі зілтемірді көтеріп, екінші орынға ие болды. Енді ол Жапонияда өтетін Пара Азия ойындарында топ жарып, Олимп шыңын бағындыруды мақсат етіп отыр. Айта кетейік, аталған додада отандастарымыз жалпы саны 45 медаль жеңіп, 23 елдің ішінде үшінші орынға тұрақтады. Оның 18-і – алтын жүлде
«Көзіме қуаныш жасы келді. Шынымды айтайын, қатты күттім осы жарысты. «Үштікке ілінейінші» деп күнде тілеп жүрдім. Азия ойындары келе жатыр алда. Соған қарқынды дайындаламыз. Бұйырса, әлемдік рекорд қойғым келеді», деді Пара пауэрлифтингтен Азия және океания чемпионатының күміс жүлдегері Гаухар Өмірзақова.
«Бангкоктағы жарыс – Лос-Анджелесте өтетін бәсекеге жолдама алу үшін аса маңызды, міндетті кезеңдердің бірі. Бұл тек іріктеу жарысы ғана емес, сонымен қатар Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік әрі лицензиялық сын. Сол себепті біз алдымызға қойған қос мақсатты да абыроймен орындап шықтық», деді Пара пауэрлифтингтен ұлттық құрамысының бас бапкері Артур Томицский.
Оқи отырыңыз: Заңсыз сауда: Атырауда қаражаттың негізсіз жұмсаған шенеуніктер анықталды