Парижде қазақтың халық музыкалық аспаптарына арналған көрме ашылды

Мәдени іс-шара Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қазақтың халық музыкалық аспаптарына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Шабыт қайнары: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты көрменің ашылу салтанаты 13 маусымда өтті. Жоба – Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен, қала әкімдігі мен Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің және Түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау қорының қолдауымен ұйымдастырылған. Алты бөлімнен тұратын көрме аясында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі мен Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі қорынан алынған композитордың қолжазбалары, ноталары, жеке заттары мен қазақ пен түркі халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары ұсынылды.

«Көрмеміздің негізгі мақсаты – қазақ халқының музыкалық өнерін, оның ішінде Н. Тілендиевтің қазақ музыка өнеріне сіңірген еңбегін насихаттау. Бұл -–халықаралық шара», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.

Жетпіске жуық сирек жәдігер ұсынылған көрме Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы мен қазақ музыка өнерінің терең тамырын танытады. Мақсат – халықаралық қауымдастықты ұлттық мәдениетпен таныстыру, түркі халықтарының ортақ мұрасын дәріптеу. Бұл Алматы қаласының әлемдік музыкалық кеңістіктегі рөлін айшықтайтын маңызды қадам болып отыр.

«Осы жерде болғаныма шын жүректен қуаныштымын, өйткені қазақтың халық музыкасының бар байлығын батыс музыкалық аспаптары арқылы жеткізе білген тамаша дирижёр және музыканттың 100 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Бұл оқиға Алматы — музыка қаласы ретінде осы бірегей мұраны сақтап, насихаттауына үлкен түрткі болғаны анық», – деді ЮНЕСКО бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне.

Маңызды іс-шараға даңқты композитордың қызы Дінзухра Тілендиева да қатысты. Оның айтуынша, бастама – дәулескер күйшінің шығармашылығына жасалған үлкен құрмет.

«Бұл – отбасымыз үшін өте маңызды сәт. Бұл күнге ұзақ уақыт дайындалдық. Әкемнің қалай өмір сүргенін, оның шығармашылығы мен туындылары туралы бүкіл әлем білгенін қалаймыз», – деді Н. Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева.

Алматы қаласы музейлер бірлестігі соңғы жылдары халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға белсенді атсалысып келеді. 2022–2024 жылдары бірлестік ұйымдастырған көрмелер Корея, Түркия, Италия, Австрия, Чехия, Мажарстан және Сербия елдерінде өткен.

Олжас Омарбек, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Отандық әдебиеттің 100 үздік кітабы - сауалнамаға қатысушылар марапатталды

Новости партнеров