Шілдеден бастап аулада көлік қоюға тыйым салына ма: ІІМ әлеуметтік желідегі қауесетке ресми жауап берді

Almaty.tv
Almaty.tv

ҚР Ішкі істер министрлігі тұрғын үй аулаларында көлік қоюға тыйым салынады деген қауесетті жоққа шығарды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жақын арада тұрғын үйлердің ауласында көлік құралдарын қоюға толықтай тыйым салынатын жаңа нормалар күшіне енетіні туралы ақпарат желдей есті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бұл қауесетті ресми түрде жоққа шығарып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және Жол жүру ережелеріне (ЖҚЕ) бұл тұрғыда ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ.

Ережелер өзгеріссіз қалады

Сонымен қатар, министрлік жүргізушілердің есіне қазірдің өзінде қолданыста бар, бірақ жиі бұзылатын ережелерді сақтау қажеттігін салды. Қазіргі ЖҚЕ нормаларына сәйкес, мына жерлерге көлік қоюға мүлдем тыйым салынады:

  • Гүлзарлар мен көгалдарға (газон);
  • Балалар ойын алаңдарына;
  • Спорт алаңдарына.

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Тұрақ мәселесін түсіндірумен қатар, ІІМ барлық жол қозғалысына қатысушыларды аула ішінде өте мұқият әрі сақ болуға шақырды. Әсіресе жазғы демалыс кезінде аулаларда жаяу жүргіншілер мен балалардың қарасы көбейеді.

Ведомство өкілі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың мінез-құлқын бақылауды күшейту, оларға көшедегі қауіпсіз мінез-құлық ережелерін үнемі түсіндіріп отыру және жол жиегінде немесе көлік тұрағы маңында ойнаудың өмірге қауіпті екенін ескерту ұсынылды.

Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің өзара құрметі мен жауапкершілігінің арқасында ғана мүмкін болатынын атап өтті.

Новости партнеров