Сотта қаржының бір бөлігі айыпталушылар арасында бөлінгені анықталды
Павлодарда жемқорлыққа қатысы бар деген қос шенеунік жазаға тартылды. Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы мен қазынашылық департаменті басшысының орынбасары сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv
Тергеу дерегінше, былтыр күзде коммуналдық кәсіпорын жетекшісі жылу желілері мен дренаж жүйесін жөндеуге қатысты келісімшарт жасауға жәрдемдесу үшін лауазымды тұлғаға 10 миллион теңге көлемінде пара берген. Сотта қаржының бір бөлігі айыпталушылар арасында бөлінгені анықталды. Бұдан бөлек, шенеуніктердің бірі іс жүзінде іс-сапарға шықпай-ақ, жалған құжаттар рәсімдеген. Нәтижесінде сот екі лауазымды тұлғаны да кінәлі деп таныды.
«Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен негізгі айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Ал екінші сотталушы пара алу фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның да мүлкі тәркіленді», – деді Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі Агидель Ибраева.
Оқи отырыңыз: Тәртіп сақтаған сотталғандардың жаза мерзімі қысқарады: Сенат заңға өзгерістер енгізді