Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Павлодарда көлік үш жаяу жүргіншіні қағып кетті. Олардың екеуі оқиға орнында қаза тапса, біреуі жарақат алып ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайғылы оқиға қаланың орталық көшелерінің бірінде болған. Көлік тізгініне ие бола алмай қалған жүргізуші қарсы бағытқа шығып кеткен. Кейін үш жаяу жүргіншіні қағып өтіп, автобус аялдамасына соғылып, аударылған.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды, көлік арнайы тұраққа қойылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Бізге жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 2002 жылғы пациент жеткізілді. Жабық ми жарақатын алған, денесінде көптеген жарақаттар мен сырылулар бар. Жағдайы орташа ауыр. Қажетті ем-шаралар жүргізіліп жатыр», – деді №1 қалалық аурухананың травматолог дәрігері Әсет Кеңесов.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Ту көтеру рәсімі өтті