Алматыда Ақсай өзеніндегі су деңгейіне байланысты жағдай тұрақты – ТЖД

Төтенше қызмет мамандары ауа райының өзгерісіне байланысты жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Тұрғындарды эвакуациялауға ешқандай негіз жоқ». Алматының Наурызбай ауданындағы Ақсай өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Төтенше жағдайлар қызметі осылай мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдай толық бақылауға алынған және тұрақты. Өзен бойына 150 қызметкер мен 27 арнайы техника жұмылдырылып, қауіпті учаскелер тәулік бойы жіті қадағалануда. Айта кетейік, Ақсай өзенінің жағалауына жақын аумақта шамамен 20 мыңға жуық тұрғын тұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таңғы сағат 10.00 шамасында Ақсай өзенінің суы күрт лайланып, деңгейі көтерілген. Осыдан кейін Төтенше жағдайлар қызметі ахуалды бақылауға алып, арнайы ескерту жүйесі арқылы тұрғындарға хабарлама жіберген. Мамандардың айтуынша, өзен бойындағы тұрғындарға қауіп төнбегендіктен, оларды эвакуациялауға негіз жоқ.

«Бақылау барысында су деңгейінің көтерілуі тіркелді. Таң ата таулы аймақтарда жауын-шашын түскен болатын. Соның салдарынан су лайланып, деңгейі көтерілді. Қазіргі уақытта су деңгейі қауіп төндірмейді. Себебі Ақсай өзені бойында салынып жатқан бөгет артық суды ұстап қалып, қауіпті азайтты», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алмас Тұрманов.

Қазір өзен бойына 150 маман мен 27 арнайы техника жұмылдырылған. Олар қауіпті учаскелерді бақылап, қорғаныс шараларын күшейтуде. Төтенше қызмет мамандары ауа райының өзгерісіне байланысты жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.

Айта кетейік, Ақсай өзені Алматы қаласы мен Алматы облысының шекарасы арқылы өтеді. Өзен жағалауындағы Таужолы шағынауданында шамамен 20 мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, нөсер жаңбырдан кейін өзеннің лайланып, су деңгейінің көтерілуі жыл сайын қайталанатын жағдай.

«Бұл ауданда 2013 жылдан бері тұрамын. 2012-2013 жылдары қатты тасқын болған, сол кезде қоршауым құлап кеткен. Одан кейін 2022 жылы да тасқын болды. Содан бері осындай жағдайлар қайталанып келеді», – деді қала тұрғыны Аман Құрманғажин.

Мамандардың мәліметінше, Алматыда тұрғындарды уақытша қабылдауға арналған 384 эвакуациялық пункт дайындалған. Егер ауа райының қолайсыздығына байланысты жағдай күрделенсе, халықты қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі.

Мәди Мәлік, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Павлодарда жол апатынан екі адам қаза тауып, біреуі ауруханаға жеткізілді