Петропавлда 4 жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйге әлі электр желісі тартылмаған

Түйткілден әкімдіктегілер хабардар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа үйдің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жас Өркен ықшамауданындағы көпқабатты пәтерлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған. Осыдан 4 жыл бұрын көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар қоныс тойын тойлаған еді. Алайда жұрттың қуанышы ұзаққа созылмапты. Өйткені, осы уақыт аралығында тұрғын үйге электр желісі дұрыс тартылмаған. Сондықтан жұрт уақытша трансформаторға қосылуға мәжбүр. Ал бұл пәтерлердің бәріне жетпейді. Салдарынан жарық жиі сөнеді.

«Суық, ыстық су электр желісіне байланысты. Лифт тоқтайды. Адамдар жеделсатыда жиі қалып қояды, қараңғы, балалар қорқады. Соңғы рет жарық сөнгенде көпшіліктің тоңазытқыштағы азық-түлігі бұзылды. Техниканы қайта іске қосу өте қиын, кейбірі тіпті күйіп кетеді», – деді  қала тұрғыны Жәнібек Ахметжанов.

«Мына үйдің қасында тағы 5 қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс кезінде кабель жиі үзіліп кетеді, жарық өшеді. Салдарынан судың қысымы жетпей, су тек 5-қабатқа дейін ғана көтеріледі. Одан жоғары 18-қабаттағы тұрғындар сусыз қалады», – деді қала тұрғыны Ішім Айтқұлов.

Аулада құрылыс жүріп жатқандықтан жолдар қопарылып, құбырлар ашық-шашық күйде қалған.

«Құрылыс жұмыстары аяқталмағандықтан, көлік кіре алмайды, жедел-жәрдем жүре алмайды. Бәрінде бала бар. Кешке мектептен қайтқан балалар беті ашық құбырға түсіп кетсе, не болмақ? Мәселемізді ешкім тыңдамайды. Бармаған жеріміз қалмады», – деді Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Юлия Андроненко.

Түйткілден әкімдіктегілер хабардар. Сөздерінше, жарықтың жиі сөнуіне ықшамаудандағы кабельдердің істен шыққаны себеп.

«Қазір төрт кабельдің біреуі ғана жұмыс істеп тұр, үшеуі істен шыққан. Жақын уақытта бұл мәселені толық шешеміз. Бүгін мердігер негізгі жұмыстарға кірісті. Бұл үйлерді екінші қосу пункті қамтамасыз етеді. Қосымша кабель тартылғаннан кейін мәселе шешіледі», – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелехов.

Жергілікті билік өкілдері тұрғындардың мәселесін қалай да шешеміз деп сендіріп отыр. Ал төзімі таусылған халық бұл уәде таяу арада орындалады дегенге күмәнмен қарайды.

Диана Тұрлыбек, Пётр Акутионов, Солтүстік Қазақстан облысынан

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: Астанада 700-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді

Новости партнеров