Қала тұрғындарының айтуынша, нысандар қаңырап бос қалған
Петропавл қаласындағы скейт алаңдардың жағдайы көңіл көншітпейді. Қала тұрғындарының айтуынша, нысандар қаңырап бос қалған, әрі балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпті орынға айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Петропавл тұрғыны Алтын Жүсіпова немересімен бірге №3 қалалық емхананың жанындағы спорт алаңында серуендеуді ұнататынын айтады. Алайда көптен бері бұл орынның көркі қашып, қауіпті аймаққа айналған көрінеді. Жаттығу құрылғылары сынып, жарамсыз күйде қалған. Ал скейт- парк қаңырап, темір бөлшектері ашық жатыр. Ең сорақысы, балалар осындай ортада еркін ойнап жүр, ал қауіпсіздік белгілері мүлде орнатылмаған.
«Сырғанақтары сынған. Ересектерге арналған құрылғылар да жарамсыз. Темір бөлшектері үгіліп тұр. Осы маңда тұрамыз, демалыс сайын немерем келіп тұрады. Бірге серуендеуге шығамыз, бірақ алаңға енді бас сұғуға зауқымыз жоқ. Баяғы көрікті жер қазір қаңырап, қараусыз қалыпты», – деді қала тұрғыны Алтын Жүсіпова.
Сонымен қатар қаладағы «Динамо» стадионы жанындағы скейт алаңның жағдайы да сын көтермейді. Метал бөлшектері майысқан, бетон қабаты жарылып кеткен. Жаңбыр жауса, алаңқай суға толып, пайдалануға жарамсыз болып қалады. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл жерге күрделі жөндеу қажет.
«Жиі серуендеймін. Алаңның жағдайы өте нашар. Әсіресе жаңбырдан кейін су жиналып, көлшікке айналады. Балалар үшін қауіпті. Меніңше, мұнда міндетті түрде су тарту жүйесі орнатылуы керек», – деді қала тұрғыны Бахтияр Аймұхамбетов.
Ал қала билігі №3 қалалық емхана жанындағы скейт алаңды жөндеуден өткізуге дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді. Тіпті мердігер мекеме қажетті құрылыс материалдарын сатып та алған. Сондай-ақ ескі саябақтағы бетонды скейт алаңды да жөндеу жоспарға енген. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі екі нысанды да жаздың соңына дейін қалпына келтіру көзделіп отырғанын айтты.
«Алматыдан сапасы жоғары, төзімді фанераға арнайы тапсырыс берілді. Ол жеткізілген соң жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Сондай-ақ жақын күндері ескі саябақтағы скейт-алаңда да жөндеу басталады. Құрылғылардың кей бөлігі ұзақ қолданудан тозып, жаңартуды қажет етіп тұр. Екі нысан бойынша жұмыстар жаз маусымында толық аяқталады», – деді ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқан.
Скейтбординг – жастар арасында кең таралған, белсенді демалыстың бір түрі. Алайда қауіпсіз инфрақұрылымсыз бұл спорт жазатайым жағдайларға себеп болуы мүмкін. Қала тұрғындары уәде етілген жөндеу созылып кетпей, белгіленген мерзімде аяқталса деп отыр.
Мәди Мәлік. Нұргүл Алина, Петропавл
Оқи отырыңыз: Шымкентте бірнеше адам жабылып ұрған автобус жүргізушісі аурухана жатыр