Ақшасынан айырылып, шетелге бара алмаған: Алматыда тұрғындар туроператор әрекетіне шағымданды

«Туристік Қамқор» жүйесінде жоқ туроператордың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шетелге бармақ болған Алматының ондаған тұрғыны сан соғып қалды. Оған жауапты туроператордың өз міндетін толық орындамауы себеп болған. Соның салдарынан көпшілік ақшасынан қағылып, көптен күткен демалысына шыға алмай отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақстандықтар жиі баратын танымал елдердің қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд пен Вьетнам бар. Алматылық тұрғындар да дәл осы бағытты таңдап, еңбек демалысында жағажай маңайында фотосуретке түсіп, аяғын жылы суға салып отырудың орнына, туроператордың сан мәрте айтқан уәдесіне әбден тойған. Берілген қаражатты толық қайтарамын деген азамат сертінде де тұрмапты. Бірақ алданғандардың көбі бұрын шетелге алаңсыз барып келетін едік деп отыр. Сенім танытқан жанның бірі – Александра Балан. 

«Ол маған келісімшарт та, құжат та, өтінім де жібермеді. Бұрын жолдап отыратын еді. 12 қараша күні 3 адамға деп 1 миллион 220 мың теңге төледім. Одан кейін, оған тоқтаусыз жазып отырдым. 27 қараша ұшып кетуім керек еді, бірақ сол түні ол қаражатты 2 желтоқсанға дейін қайтарамын деп хабарлама жіберді. Сол уақытқа дейін күттім. Бірақ еш қайыр жоқ», - деді қала тұрғыны Александра Балан.

Әлия Құсайыноваға бұл туроператорды жақындары ұсынған. Жақсы пікір көп болғандықтан, ол қажетті қаражаттың 60 пайызын төлеп қойыпты. Шамамен 950 мың теңге жіберген. 2026 жылдың наурыз айында Дубайға бармақ болған ол басқа да қосымшалардан жазылған пікірлерді оқып көрген. Бірақ бұл тарапқа нашар ой көп айтылғандықтан, мән-жайды тексеріп, барлығын нақтылап көрмек болыпты. 

«Ондай пікірлерге сенбеңіздер, барлығы менің жауым, беделімді төмендеткісі келеді, сіздер шетелге барасыздар» деп ашық айтты. Мен сенбейтінімді жеткіздім. Және ол алдаған жандармен тілдескенімді айттым. Ешқайда бармайтынымды, ақшамды қайтаруын сұрадым. Менің түсінгенім бойынша, ол басқа мемлекетте. Біреулерге Біріккен Араб Әмірліктеріндемін, енді басқасына Вьетнамдамын дейді. Бойынан алаңдаушылық байқалмайды. Барып арыз жаза беріңіздер деп отыр», - деді қала тұрғыны Әлия Құсайынова.

Біз «Туристік Қамқор» қорына жүгіндік. Ұйым өкілдері туроператордың жүйеде жоқ екенін анықтады.

«Туроператорлардың барлығы кепілдендіру жүйесінің қатысушысы болуы тиіс. Ал ол үшін жауаптылар банк кепілдігін ұсынып, әр сатылған турөнім үшін 0,5 АЕК мөлшерінде төлем жасауы керек. Егер бұл талап орындалмаса, туроператор Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңын бұзды деп санай беріңіздер», - деді «Туристік қамқор» қорының төрағасы Инна Рей.

Бейнематериалды дайындаған уақытта туроператордан ресми жауап алу мүмкін болмады. Бірақ Полиция департаменті, аталмыш жайтқа қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғапты.  

«Әуезов аудандық полиция басқармасына азаматтардан ұжымдық шағым келіп түскен болатын. Олар туристік оператордың қолынан зардап шектік деп айтуда. Қазіргі таңда барлық тергеу амалы жүргізілуде. Қылмыстық кодекстің 190-бабының нормалары, яғни алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Туроператорды таңдағанда алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін, мамандар бірнеше ережені ескеру қажет дейді. Алдымен таңдаған агенттігіңіздің «Туристік Қамқор» жүйесінде бар-жоғын тексеріп алу керек екен. Оны ресми сайттан анықтауға болады. Одан бөлек, туркод, келісімшарт, түбіртек сынды маңызды құжаттардың түпнұсқасын сұрату өте маңызды. Себебі, бұл - жеке қауіпсіздік үшін жасалатын негізгі қадамдар.  

Рүстем Айткәрім, Аида Иманәлі, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда 70 балабақша тексеріліп, отыздан астам құқықбұзушылық анықталды

Новости партнеров