Құрылыс келесі жылы аяқталады деп жоспарланған
Шатырынан су өтетін ескі ғимараттың тар кабинеттерінде жұмыс істеп жүр. Петропавлдағы облыстық жедел жәрдем қызметі 1905 жылы салынған, бұрын атқора болған нысанда отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық жедел жәрдем қызметі салынғанына ғасырдан астам уақыт өткен ескі ғимаратта жұмыс істейді. Соңғы жиырма жылда инфрақұрылым мен жайсыз жағдай үшін бірнеше мәрте шағымданғанымен, ешқандай өзгеріс болмаған. Сорақысы, мұнда арнайы көліктер қойылатын орын да жоқ.
«Көлік қоятын жерге 14 көлік сыяды, бірақ 25 көлік бар. Сондықтан барлығы бірдей кіре алмайды. Ал Шуховта орналасқан стансада тіпті тұрақ та жоқ. Сондықтан қыстыгүні тәулік бойы көліктерді оталдырып қоюға мәжбүрміз», – деді СҚО Жедел медициналық жәрдем орталығының директоры Анатолий Белоног.
Петропавлдағы стансада 12 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Мұнда тәулігіне шамамен 500 шақырту түседі. Осындай жүктеме жағдайында ескі ғимараттың өзі қосымша қиындық туғызып отыр.
«Менің кабинетімді көрдіңіз ғой, иә? Мұнда аға фельдшер екеуміз бірге отырамыз. Негізі, әрқайсымыздың жеке кабинетіміз болуы керек. Әр көктем сайын төбеден су ағады. Тіпті оны жөндеу де мүмкін болмай қалды. Ғимарат 1905 жылы салынған. Бұрын мұнда атқора болған. Кейін жедел жәрдем қызметі осы жерге орналастырылған», – деді фельдшерлік бөлімнің басшысы Екатерина Сотникова.
Шағымдардан кейін облыс орталығында жедел жәрдем қызметіне арналған жаңа орталықтың құрылысы басталды. Құны 6 миллиард теңге болатын жобаның 90 пайызы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
«Төрт қабатты ғимарат салынады. Мұнда 20 санитарлық көлікке арналған гараж, қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай материалдарын сақтайтын қойма болады. Сондай-ақ санитарлық көліктер жөнделетін арнайы орын қарастырылған. Орталық халықаралық стандарттарға сай толық жабдықталады. Бұдан бөлек, конференц-зал мен симуляциялық оқу орталығы ашылады. Онда оқу сабақтары өткізіліп, қызметкерлер біліктілігін арттырады», – деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
Құрылыс келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Сол кезде облыстық жедел жәрдем қызметі әбден тозығы жеткен ескі ғимараттың орнына жаңа базаға көшеді.
Айта кетейік, өңір бойынша күн сайын 30-дан астам жедел жәрдем бригадасы кезекшілікке шығады.
Гүлмарал Изатқызы, Пётр Акутионов, Петропавл
Оқи отырыңыз: 7 минутта жеткен көмек: мамандар өрттің аумағын кеңейтуге жол бермеді