Пойыз билет бағасын қымбаттату жоспарда жоқ - Талғат Алдыбергенов

19.08.2025 20:06

Еліміздегі ұзындығы 16 мың шақырым теміржол желісінің 57 пайызы ескірген

Еліміздегі ұзындығы 16 мың шақырым теміржол желісінің 57 пайызы ескірген. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді» деп отыр. Министр мәселені шешу үшін 2029 жылға дейін 5 мың шақырым теміржол салынып, 11 мың шақырым жөнделетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көлік министрі 2029 жылға дейін 456 локомотив пен 7 мыңнан астам жүк вагонын сатып алмақшы. Нұрлан Сауранбаев темір жол арқылы жүк тасымалын одан әрі дамытамын деп бекініп отыр. 2029 жылға дейін пойыз жолдарының жай-күйін де ретке келтіруді жоспарлапты. Магистральдық желілерді, жолдарды жөндеуге, вагондар мен локомотив сатып алу үшін банктерден несие алуды көздеп отыр. Ал қарызды «Қазақстан темір жолының» табысынан қайтарады. Ұлттық компанияның төрағасы темір жолдың шығыны билет бағасына әсер етпейді деп сендірді.

«Билеттер бағасын қымбаттату жоспарда жоқ. Тек жыл сайынғы инфляция деңгейіне сай аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Теміржол қызметінің шығыны халықтың мойнына ілінбейді», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов.

Сауранбаевтың айтуынша, биыл 2 ірі теміржол жобасы мерзімінен бұрын аяқталады. Олар - «Достық-Мойынты» учаскесі мен «Алматы айналма теміржолы». Қазір 5 жоба бойынша жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

«Келесі жылы «Мойынты-Қызылжар» және «Дарбаза-Мақтаарал» жаңа теміржолдары іске қосылады. Сонымен бірге биылғы жылдан бастап 3 мың километр теміржол учаскелерінде толық модернизация басталды. Бұл жұмыстар жаңа жолдарды салумен тең», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Жауаптылардың жинақы жазылған баяндамасын тыңдаған Олжас Бектенов қарашаның жолаушылар тасымалы мен вагондарға қатысты арыз-шағымының азаймай тұрғанын айтты. Сондықтан Премьер-министр «жолаушылар вагондары мен локомотив паркін жүйелі түрде жаңартып отыруы тиіс» деді.

 «Жүк вагондарын шығару және ауыстыру жұмысын да жандандыру қажет. Көлік министрлігі мен Қазақстан темір жолы заманауи және перспективалы әзірлемелерді енгізу, жылжымалы құрамдардың қозғалыс жылдамдығын арттыру мәселелері бойынша жұмыс істеуі қажет. Жолаушылар тасымалы саласындағы қызметтерді одан әрі жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізу керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Елімізде жыл соңына дейін 100 теміржол вокзалы жөнделуі тиіс. Олжас Бектенов Көлік министріне вокзалдарды реконструкциялау жұмыстарын тездетуді міндеттеді. Жауаптыларға салаға жасанды интеллект технологияларын енгізуді, қолға алған жобаларды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Еліміздегі тозған автобустар жаңартылып жатыр