Қантөгіс болғанын қаламаймын: қаза болған жасөспірімнің әкесі видео жариялады

12.10.2024 14:13

Қаржаубай Нұрымов елді дүрліктірмеуді сұрады

Талғарда қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 12 қазанға қараған түні үйінің қасақана өртенуінен кейін бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Мен ешқандай қантөгіс болғанын қаламаймын. Бұл жерде кеше түннен бері құзырлы орган адамдары, бәрі жүр. Қылмыскердің бәрі өзіне лайықты жазасын алады деген сенімдемін.  Мен өзім ешнәрседен қорықпаймын, кім келсе де сөйлесе аламын. Сол үшін сабыр сақтауды, ешкімді дүрліктірмеуді сұраймын, бекерге қан төгіліп кетпесе деймін. Жоғарыдағылар үшін де айтатыным осы. Құзырлы органдар заң аясында шешеді деген үміттенемін. Ешкімді ешкім қорқытпасын. Даладан келген жау жоқ», - деді қаза болған жасөспірімнің әкесі.

Дәл осы күні Алматы облысының полиция департаменті Азат ауылындағы бір отбасының үйінің өртеніп, қасақана өртену фактісін растады. Оқиғаға байланысты қауіпсіздік шаралары қабылданды. Шерзаттың отбасына 24 сағаттық күзет тағайындалды.

Оқи отырыңыз: Қаза болған жасөспірімнің үйіндегі өрт: Бас прокуратура мәлімдеме жасады