Президент Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады

29.08.2026 09:38

Мемлекет басшысы осыдан 35 жыл бұрын Семей ядролық полигонының жабылғанын еске салды

Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы бұл күннің Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тарапынан бекітілгенін атап өтті.

Президент осыдан 35 жыл бұрын Семей ядролық полигонының жабылғанын еске салды. Оның айтуынша, ондаған жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіріп, орны толмас қасірет әкелді.

«Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш етті», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның антиядролық қозғалыстағы ұстанымы өзгермейтінін айтты. Президент ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуы керегін атап өтті.

«Біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атом энергиясын тек жасампаз мақсатта пайдалану қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның ядролық энергетиканы дамытуға қатысты стратегиялық бағытына тоқталды.

«Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл стратегиялық таңдау елдің тұрақты дамуына серпін беретінін айтты. Оның сөзінше, қазіргі реформалардың негізгі мақсаты – Әділетті, Озық және Таза Қазақстан құру.

«Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Қоршаған ортаға қамқорлық: Қазақстанда «Таза жағалау» акциясы ұйымдастырылады

Толық көрсету