Президент бастамаларын жүзеге асыруда Алматы мәслихаты қандай жұмыстар атқарып жатыр

Қалалық мәслихат депутаты Мемлекет басшысының сұхбатына пікір білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Халықтың әлеуметтік жағдайынан бастап, еліміздің халықаралық қарым-қатынасына дейінгі барлық мәселе қамтылды". Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әкім Тұрсын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ana tili" газетінде жарияланған сұхбатына қатысты осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Сұхбатта маған ерекше ұнағаны -  "2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқ­ты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек" дегені болды. Өйткені жұмысшы мамандықтарға мұғалідер де, дәрігерлер де кіреді. Әсіресе білім саласына қатысты айтар болсақ, елімізде екі жыл бұрын қабылданған "Жайлы мектеп" бағдарламасы бүгінгі білім саласының негізін қалыптастыруға бағытталған. Президент тапсырмасында "барлық мектеп бір ауысымды оқуға көшуі керек" деді. Өздеріңіз  білетіндей, мектептегі орын тапшылығы әлі де бар, сол бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мемлекет тарапынан білім салаында жасалып жатқан түрлі тетіктің арқасында бүгінде біршама нәтиже бар екенін халық көріп-біліп отыр. Ал оқулықтардың сапасын арттыруға қатысты министрліктер тарапынан да жұмыстар атқарылып жатыр. Бастысы, мақсат - айқын, сол бағытта жұмыс істей береміз", - деп сөзін жалғастырды сарапшы. 

Депутаттың айтуынша, бүгінде Алматы қаласы мәслихаты көптеген жұмыстың атқарылуына мұрындық болып отыр.

"Шаһарда бүгінде көптеген жайлы мектеп салынды, алдағы уақытта тағы 4 жаңа мектеп салынбақ. Одан бөлек, жеке мектептерге де жағдай жасалып жатыр. Мысалы, жеке мектеп салынса, Алматының жергілікті бюджетінен оның инфрақұрылымын салу, паркинг мәселесін шешу, айналасына жағдай жасау мәселелеріне қаржы бөлінеді.

Ал медицина саласы бойынша келсек, медицинадағы түпкі мақсат – Қазақстан азаматтарына жақсы жағдай жасалуы керек. Оған Денсаулық сақтау министрлігінен бастап, жергілікті атқарушы билік бірігіп МӘМС қоры мәселесі бойынша жұмыс атқарылуы керек. тиіс. Тапсырма берілді, оны жүзеге асыру тетіктері қолға алынуы тиіс", - деп тоқталды Әкім Тұрсын.

Оның айтуынша, былтыр Алматы қаласы әкімдігінің ұсынуымен қалалық мәслихат бірыңғай емханалардың стандартын бекітті. Енді алдағы уақытта кез келген емхана, ауруханалар сол стандарт негізінде салынады. Ал ол стандартта ерекше жандарға көңіл бөлу, педиатриялық және ересектер блогының бөлек орналасуы, тіпті дизайнына дейін өзгешеленіп тұруы мәселелеріне көңіл бөлініп, қолға алынып жатыр.

"Сонымен қатар МӘМС айналасындағы келіспеушіліктерге байланысты қазіргі уақытта Парламентте арнайы қоғамдық бақылау тобы құрылып, осы бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Тағы бір атап өтерлік мәселе, бүгінде Алматы қаласының мәслихатында халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне 8 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінетіні белгілі болды, ол қаржыға науқастардың дәрі-дәрмегін алып беру мәселесі де кірмек", - деді Ә. Тұрсын.  

Оқи отырыңыз: Халықтың жағдайы экономикалық өсіммен бірге жақсаруы керек - сарапшы Президент сұхбаты жайлы

Новости партнеров