Президент сұхбатында Қазақстанның халықаралық деңгейде өткізген іс-шаралары туралы айтылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ana tili" газетінде жарияланған сұхбатына орай “Ассамблея жастары” Қоғамдық бірлестігі төрағасының Алматы қаласы бойынша орынбасары Омар Мохаммедсаруар пікір білдіріп, жастардың мемлекет бастамаларына қашанда қолдау білдіретінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Биылғы жыл Мемлекет басшысының сұхбатымен басталды. «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Президент елімізде атқарылған көптеген іс-шара туралы, Қазақстанның халықаралық аренадағы жағдайы туралы айтып өтті. Әсіресе еліміздегі экологиялық мәселелер ерекше қозғалды. Жалпы, жасыл экономиканы дамытуда әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Өткен 2024 жылы біз де Ассамблея жастар ұйымы болып экологиялық бағытта біршама жұмыс істеген болатынбыз. Ағаштар отырғызып, экологиялық акциялар өткіздік", - деді ҚХА мүшесі.
Сарапшы сондай-ақ Президент сұхбатында Қазақстанның халықаралық деңгейде өткізген іс-шаралары туралы айтылғанын атап өтті.
"Меніңше, еліміз саяси аренада өте өнімді жұмыс істеді, Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда көптеген іс-шара өтті, көптеген халықаралық ұйымдардың отырыстарына қатысып, еліміз өз позициясын нақты көрсете білді. Президент өз сұхбатында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты да пікір білдіріп, бұл мәселені әлі де зерттей түсу керек дегенді айтты. Бұл меніңше, дұрыс көтерілген мәселе болды. Дегенмен бұл мәселеге тек халықтың ғана емес, сарапшылардың да көзімен қараған дұрыс. Себебі биологиялық дәне географиялық тұрғыдан зерттеулер жасалып жатыр.
Ал біз – Қазақстан халқы Ассамблеясы жастары Қазақстан Республикасының жастары ретінде Президенттің алға қойған мақсаттарына қолдау көрсетеміз, жастар ұйымы ретінде еліміздің алға қойған саяси бастамаларын жүзеге асыруға дайынбыз", - деді О. Мохаммедсаруар.
Оқи отырыңыз: Президент бастамаларын жүзеге асыруда Алматы мәслихаты қандай жұмыстар атқарып жатыр