Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы әлеуметтік желідегі дау-дамайды сынға алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде білім беру саласында әлеуметтік желідегі негізсіз дау-дамайлардың көбейгенін сынға алды. Президент білім саласына қатысты пікірталастарға бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалардың да араласатынын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал.
Бұл орайда бір мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Көбіңізге белгілі, әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай тартыстардың білім саласына пайдасын тигізуі қиын екенін айтты. Оның сөзінше, өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаға жол берілуде.
«Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда.
Әрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық.
Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн», – деді Президент.
Оқи отырыңыз: Аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет - Президент