Президент: Экономиканың өсуі, инфляцияны төмендету және халық табысын арттыру - басты мақсат

Мемлекет басшысы бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде экономиканы сауықтыру мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқанына тоқталып өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

«Бүгінгі жиында ауыл әкімдерімен қатар, Үкімет мүшелері және облыс әкімдері отыр. Өздеріңіз білесіздер, мен Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырдым.

Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек. Бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуға тиіс.

Нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат беремін. Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту қажет; жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыру керек; дайын өнім экспортын көбейту қажет», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мемлекетіміздің алдында әлі де көптеген сынақ пайда болуы мүмкін.

«Қазіргі таңда әлемдегі ахуал тұрақты емес, келешегі бұлыңғыр деуге болады. Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, тіпті, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика да құбылмалы күйде.

Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет, ішкі даулардан аулақ болып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Жалпы, бәрімізге ортақ аса маңызды міндет – ел мүддесіне тиімді қызмет ету. Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі – бәрінен қымбат. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған ең биік мақсат. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетерлігі, жиында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағали, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Вагулино ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина, Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылдық округінің әкімі Ахмет Оразбаев, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжанов, Қостанай облысы Қостанай ауданы Владимир ауылдық округінің әкімі Әлия Жүнісова, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов, Абай облысы Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов сөз сөйледі.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: Бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды

Новости партнеров