Қазақ тілі көпшіліктің тіліне айналды - Мемлекет басшысы
Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің ел бірлігін нығайтудағы маңызына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, әсіресе жастар арасында еркін қолданылып келе жатқанын атап өтті.
«Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл.
Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды.
Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады.
Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ тілінің өрісін кеңейту басқа тілдерден бас тартуды немесе оларды шеттетуді білдірмейтінін айтты. Конституцияда азаматтарды тіліне, тегіне, ұлтына, діни көзқарасы мен нанымына байланысты кемсітуге тыйым салынғанын еске салды.
«Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек.
Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тілдің қоғамды біріктіретін және өркениеттің өлшеміне айналатын құндылық болуы керектігін атап өтті.
«Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас.
Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі ұлт өкілдері арасындағы қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүрген жастардың еңбегін де атап өтті. Сондай-ақ ұлт тұтастығы мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарға берілетін «Ел бірлігі» орденіне үміткерлерді Қазақстан Халық Кеңесі ұсынуы орынды екенін айтты.