Президент қолдауы алғашқы медициналық көмек жүйесін нығайтты
Бастапқы буында цифрлық технологияларды қолдану аясы кеңейіп келеді
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде елімізде 655 медициналық нысан салынып, 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемелеріне ие болды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан МСАК-ты дамыту жөніндегі халықаралық конгреске қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрліктің басшысы денсаулық сақтау жүйесін нығайту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала беретінін атап өтті.
Сонымен бірге министр 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған, азаматтардың денсаулығын сақтау құқығын бекітетін жаңа Конституция туралы еске салды.
«Жаңа Конституцияның негізінде Заң мен тәртіп қағидаты, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау жатыр. Бұл біз, медицина қызметкерлері үшін айқын бағдар. Денсаулық сақтау саласындағы әрбір шешім адамның игілігіне қызмет етуі тиіс», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында елімізде медициналық инфрақұрылым жүйелі түрде жаңғыртылып, жаңа клиникалар салынуда және заманауи технологиялар енгізілуде.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде медициналық алғашқы көмек көрсететін 655 нысан салынды. 200-ден астам ауыл алғаш рет заманауи диагностикалық және телемедициналық жабдықтармен жарақтандырылған медициналық ұйымдарға ие болды.
Сонымен қатар емханалардың жұмысы жетілдірілуде: МСАК-тың командалық моделі дамып, шұғыл көмек кабинеттері ашылуда, аурулардың профилактикасы шаралары күшейтілуде.
Соңғы бір жылда МСАК ұйымдарының базасында 440-тан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды. Онда мамандар балалардың дамуындағы ауытқуларды дер кезінде анықтап, отбасыларға қолдау көрсетеді.
Бастапқы буында цифрлық технологияларды қолдану аясы кеңейіп келеді. Жасанды интеллектінің негізіндегі отандық әзірлемелер дәрігерлерге инсультті диагностикалауға, сондай-ақ сүт безі мен өкпе обырын ерте кезеңдерде анықтауға көмектесуде.
Министр атап өткендей, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары көрсеткішке – 75,97 жасқа жетті, 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жасты құраған болатын. Тәуелсіздік жылдарында нәресте өлімі 4,5 еседен астам, ана өлімі 6 есе, ал туберкулезден болатын өлім 10 есе төмендеді.
Медицина қызметкерлерін қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025–2026 жылдары денсаулық сақтау саласында тоғыз негізгі заң қабылданып, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы күшейтілді және олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілді.
Президенттің тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары жалғасуда. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап МСАК-тың учаскелік қызметіндегі 77 мыңнан астам маманға үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша төлемдер қарастырылған.
«Бұл шаралардың барлығы медициналық көмектің уақтылы көрсетілуіне, қолжетімді болуына және пациенттердің нақты қажеттіліктеріне бағдарлануына бағытталған», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
«Цифрлық кеңістіктегі қоғамдық денсаулық және МСАК тиімділігі» халықаралық конгресі 12-13 қараша күндері Астанада өтуде. Іс-шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, шетелдік 95 маман және сегіз елден келген сарапшылар қатысуда.
Конгреске қатысушылар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық алғашқы көмек көрсету жүйесін дамыту, кадрлар даярлау және денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылауда.
Оқи отырыңыз: Тегін курстан кәсіпке дейін: Алматыда 2 мыңнан астам жас жаңа мамандық меңгерді