Алматылық кәсіпкер мемлекеттік сатып алу саласындағы реформалардың тиімділігін атап өтті
Алматылық кәсіпкер Мемлекет басшысының бизнес иелеріне көрсетіп жатқан қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мемлекеттік сатып алу ісіндегі жолын Ерсен Дүйсенбаев 10 жыл бұрын бастаған. Еңбек өтілі қарапайым қызметкерден бастау алған азамат бүгінде өзі жеке кәсіпкер ретінде қалыптасқан. Айтуынша, мемлекет тарапынан бизнес иелеріне көрсетіліп жатқан қолдау маңызды. Өзі былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да берілген зор мүмкіндіктер үшін алғысын айтып, хат жолдаған екен.
«Мен Президентімізге алғысымды айтқым келіп отыр. Себебі 2025 жылғы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі реформаның арқасында жетістікке жеттім. Бұл жерде мемлекеттің кәсіпкерлерге арналған жүйесін инструмент ретінде еркін қолданамын. Елдерге де соған кеңес беремін», – деді кәсіпкер Ерсен Дүйсенбаев.
Саланың сан қырын жетік меңгерген ол республиканың түкпір-түкпіріндегі өңірлерде салынып жатқан маңызды нысандардың басы-қасында жүр. Мәселен Ақтаудағы педагогикалық колледж, Талдықорғандағы филармонияда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Алматыда да бірқатар әлеуметтік ғимараттың бой көтеруіне септігін тигізген.
«Біз бір ғана қалада емес, Қазақстанның кез келген аумағында жұмыс жасап жүрміз. Батыс, Шығыс, Орталық Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Алматы облысының кез келген қаласында жұмыс жүріп тұр. Уақыттары бар, қазіргі тілмен айтқанда дедлайн, сол кезде есеп беріп отырсаң болды. Жұмысыңды көрсетіп, салық төлеп, рұқсат қағаздарды уақытымен алып отырсаңыз, кәсібіңіз жүре береді», – деді кәсіпкер Ерсен Дүйсенбаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі кәсіпкерлерді қолдап, іс бастаймын деген азаматтарды ынталандыру мәселесін жиі қозғайды. Шектен тыс тексерулерді азайтып, жауаптыларға ел экономикасын арттыруға үлес қосып жүргендерге жайлы жағдай жасау маңызды екенін ылғи айтады.
«Елімізде азаматтардың бизнеспен жаппай айналысуына мән беріліп, оған барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ мұндай шара бүгінгі таңда аздық етеді. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісінде енді, ең алдымен, сапаға айрықша көңіл бөлуі керек», – деді МЕмлекет басшысы.
Ерсен Дүйсенбаевтың сөзінше, цифрлық әлеуеттің артуы да ел кәсіпкерлері үшін өте маңызды. Түрлі мәселе мен келеңсіз оқиғалар заң аясында, нормативтерге сәйкес онлайн шешіліп жүр дегенді алға тартып отыр.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Алматыда тауар белгісін заңсыз пайдаланып келген кәсіпкерлерге қатысты тексеру жүргізілді