Президенттің Жолдауы: алдағы уақытта да еліміздің Егемендігін нығайтуымыз керек

depositphotos
depositphotos

Сонымен қатар Құрылтай депутаттарына үміт артатынын жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның егемендігін нығайтып, ел дамуының жаңа кезеңінде ауқымды саяси реформаларды жалғастыру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаларды іске асырды.

«Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндетті жүзеге асыру үшін бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді әрі білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керектігін айтты. Сондай-ақ Құрылтай депутаттарына үміт артатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының жауапкершілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі буын келер ұрпаққа экономикасы қуатты, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заң үстемдігі қамтамасыз етілген әрі геосаяси ықпалы бар Қазақстанды қалдыруы керек.

«Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент инфрақұрылымды дамытуға басымдық беруді тапсырды

Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел орындаудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, азаматтарды толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – халықтың тұрмыс сапасын арттырудың маңызды шарты.

Осыған байланысты Президент инфрақұрылым салуға басымдық беру қажеттігін айтты.

«Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ», – деді Мемлекет басшысы.

Президент барлық өңірде құрылыс жұмыстарын жаппай бастап, жандандыру қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін анықтау үшін жан-жақты зерттеу мен талдау жүргізу жұмыстарын тез арада толық аяқтауды тапсырды.