Әскери азаматтарға 48 өнімнен тағамдар дайындалады
Биыл қаңтар айынан бастап әскери қызметшілердің бір күндік ас-рационына бөлінетін қаржы 3150 теңгеге жетті. Бұл туралы Қорғаныс министрінің Тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары Қаныш Әубәкіров арнайы пресс-тур барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әскери азаматтарға 48 өнімнен тағамдар дайындалады. Тағамды арнайы категорияға сай ұсынады. Әуе күштері, десантшылар және құрлық әскерлері бөлек-бөлек арнайы мәзірмен тамақтанады.
«Ең жақсы хабар солдаттардың бір күндік асы 1 қаңтардан бастап 3150 теңге, яғни 900 теңгеге өсірдік. Қорғаныс комитеті мәжілістегі және де басқа да органдармен бірлесіп шешім қабылданды», – деді ҚР Қорғаныс министрінің Тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары Қуаныш Әубәкіров.
Қорғаныс саласында денсаулық сақтауға да айрықша көңіл бөлініп жатыр. Қазір әскер қатарында 3500-ден астам медицина қызметкері бар. Ел бойынша 16 әскери госпиталь және 130-дан астам медициналық бөлімше жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар әскери медицинаны дамыту үшін биыл 9 млрд теңге бөлініп, осы қаражатқа 640-тан астам заманауи жабдық сатып алынбақ. Сондай-ақ енді дәрі-дәрмекке арналған қаржы тікелей әрбір әскери бөлімге аударылатын болады. Бұл жаңашылдық қажетті препараттарды дер кезінде жеткізуге және сарбаздарды сапалы медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.
«Әр өңірдің климатына және әскери бөлімнің ерекшелігіне сай, мәселен ұшқыштардың, десенаттар, жаяу әскердің ауру түрлері де тұрлі болады. Сондықтан қажет дәрі-дірмекті өздері сатып алғаны дұрыс», – деді Қорғаныс министрінің Тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары Қуаныш Әубәкіров.
Журналистерге сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері, жабдықтар мен киім-кешек көрсетіліп, тактикалық атыс, зениттік қондырғылардың жұмысы, кедергілер жолағын бағындыру сияқты жаттығулар ұсынылды.
«Драгунов» мергендік мылтығы және «Ак 74» автоматы және ең ыңғайлы «Акс 74 У» қаруын көлік жүргізушісі жолда келе жатып ата алады. Әскери борышын өтеуге келген азаматтар 1 ай ішінде 30 дан астам қару жарақпен танысып, мамандығына сай қаруды таңдап, білім алады
«Олар кәсіби біліміне байланысты қарулармен тығыз жұмыс жасайды. Оқу жаттығу жиындарында, күнделікті өмірде қызмет көрсету және басқа сұрақтарға жауап алып, қаруды қолдануда білімін жетілдіреді», – деді 68665 әскери бөлімшесінің оқу жетекшісі Нұрлан Шағбанов
Айта кетейік, қазақ армиясында 40 мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуде. Әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елдегі барлық әскери бөлімшелерге шамамен 14 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Құрылғылар ғимараттардың әр бұрышына қойылып, тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл жүйе тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалауға, кез келген жағдайды дер кезінде бақылап, алдын алуға мүмкіндік береді.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана
Оқи отырыңыз: ARMIA.KZ: Қорғаныс министрлігі жаңа ақпараттық сервисті іске қосты