Шалкөде жайлауында «Хантәңірі қазынасы» фестивалі өтті
Биыл Хан Тәңірі етегіндегі Райымбек ауданына – 90 жыл. Тарихы терең, табиғаты көркем өңір жұрты ғасырға жуық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Мереке аясында ғылыми-танымдық конференция мен айтыс ұйымдастырылып, салтанатты іс-шаралардың шарықтау шегі қасиетті Шалкөде жайлауында жалғасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Райымбек ауданының мерейтойына арналған іс-шаралар легі үш күнге созылды. Алғашқы күні Қарасаз ауылында "Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке" атты II республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылса, келесі күні ақын-жазушылардың қатысуымен ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Оған көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия сынды мемлекеттерден делегаттар келіп, қазақ мәдениетіне деген қызығушылықтың жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті.
«Мен бұл қасиетті мекенге алғаш рет келіп отырмын. Табиғатының сұлулығы мен тылсым келбеті мені ерекше тәнті етті. Алдағы уақытта да түркі әлемінің ортақ мәдениеті мен рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған игі бастамаларды бірлесе жүзеге асыра береміз. Біздің мақсатымыз – түркі халықтарының мәдени бірлігін, ортақ құндылықтарын бекемдей отырып, мәдени мұрамызды жаңа жобалар арқылы дамыту және оны халықаралық деңгейде насихаттау», – деді ТүрКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф.
Салтанатты іс-шаралардың шарықтау шегі қасиетті Шалкөде жайлауында өтті. "Хантәңірі қазынасы" деп аталатын фестивальде 150-ге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, оған 25 мыңға жуық адам қатысты. Халық назарына отандық және халықаралық қолөнершілердің, этнодизайнерлер мен қылқалам шеберлерінің үздік туындылары ұсынылды.
Сондай-ақ ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.
«15 мемлекеттен келіп қатысып жатқандар бар. Оның ішінде зергерлер, суретшілер бар. Олардың бәрін арнайы шақырдық. Осы өңірдің суреттерін салады. Фестивальдан кейін жұмыстарын жерге қалдырып кетеді», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
«Мерейтойға Түркиядан арнайы келдім. Өз туындымды әкелдім. Келгеніме ризамын, қуаныштымын. Іс-шара өте жақсы өтіп жатыр», – деді Түркиядан келген шебер Ұмайра Ишан.
Думанды тойда түйе палуан, аламан бәйге, тас көтеру, бөрене көтеру, арба сүйреу сияқты ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өтті. Сыйақы мөлшері де қомақты болды.
Іс-шара соңында табиғаттың тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында сенбілік ұйымдастырылып, 7 тонна тұрмыстық қалдық жиналды.
Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек, "Алматы" телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Алтын Орда тарихына қатысты тың деректер анықталып жатыр