Еліміздегі мешіттерде тарауық намазы оқып жатыр
Биыл мұсылман қауымы 29 күн ораза ұстайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақасының мөлшерін 735 теңге деп бекітті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Исламның бес парызының бірі — ораза бүгін, яғни 18-інен 19-ына қараған түні басталады. Бұл айдың адамға берер рухани қуаты мен тәрбиелік мәні зор.
«Ораза ұстау кезінде қандай мәселелерге мән беру керек? Бірінші кезекте ораза жеп ішуден тыйылу емес. Бұл адамның өзінің нәпсісін, ерік қалауларын тежей білуі, жаман қылықтардан аулақ болуы керек. Әсіресе қоғамдық қарым-қатынаста, отбасында, қызметте, жұмыста қоғамдық орындарда өзін байыпты, салмақты ұстауы тиіс», — деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.
Дін өкілдері мейірім мен ізгілік, сабыр мен кешірімге үндейтін қасиетті айда жұртшылықты игі істерге белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар мешіттерде рухани дамуға ниетті жандар үшін бірқатар тегін курстардың басталатыны айтылды. Ал Рамазан кезінде «Зекет» және «Қайырымдылық» қорының өкілдері тұрғындарға қолдау көрсетуге бағытталған әлеуметтік акциялар мен ізгі бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
«Рамазанда көп адамдар ораза ұстайды, бірақ намаз оқи алмайды. Сондықтан «Бір айда намазға түс» деген іс-шара, намаз оқып үйрену курстарына қатысуға шақырамыз. Оразасын ұстаса, намазын оқыса, нұр үстіне нұр болар еді. Әльхамдуллила, қазақ әл-мисақтан бері мұсылманбыз ғой. Иманы кәміл болса деп жұмыс істеп жатырмыз. Рамазан айы құтты болсын!» — деді орталық мешіттің ұстазы Талғат Сапанов.
Рамазан айы 19 наурызда тәмамдалып, келесі күні мұсылман жұртшылығы ораза айт мерекесін қарсы алады. Ал Қадір түні наурыздың 16-нан 17-сіне қараған түнге сай келуі мүмкін.
Айта кетейік, бүгіннен бастап мешіттерде тарауық намазы оқылады.
Айжан Дайрабай, Алишер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Рамазан: қандай жағдайда ораза қабыл болады