Өңірде референдум учаскелерінде қоғамдық байқаушылар коалициясының өкілдері бақылауда
Қызылорда облысындағы референдум учаскелерінде қоғамдық байқаушылар коалициясының өкілдері жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар «референдум комиссияларының жұмысына қатысты шағым немесе теріс пікірлер тіркелген жоқ» дейді.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, референдумның тәртібін бақылауға «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы да қатысып жатыр.
"Бүгінгі өтіп жатқан референдумның ашықтығын және адал, әділ өту барысын облыстағы азаматтық қоғам өкілдері және «Дауыс» байқаушылар коалициясы республикалық қоғамдық бірлестігінің 2000-нан астам байқаушылары қазір облыстағы 253 референдум учаскелерінде жұмыс жасауда. Таңғы сағат 6:00--дан бастап сайлау үй-жайлары ашылды. Таңғы 7:00-ден бастап тұрғындар таңдауын жасап жатыр. Облыс бойынша ешқандай заңбұзушылықтар орын алған жоқ", – деді «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов.
Сыр өңіріндегі референдум учаскелерінде Exit poll өкілдері сауалнама жүргізіп жатқанын да қоса кетейік. Бұл бағытта аймақта үш дербес ұйымнан 50-ге жуық адам дауыс берушілердің ой-пікірін білуге шыққан. Олар ғимараттардың шыға берісінде тұрғындарға сауалнама жүргізді. Exit poll өкілінің сөзіне сенсек, тұрғындар таңдауын еркін, жасырмай бөлісіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда 100 «инватакси» мүмкіндігі шектеулі дауыс берушілерді тасымалдап жатыр