Референдум: Сыр өңірінде 380 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді

03.10.2024 в 13:52

Қызылорда облысында референдум туралы мағлұмат беретін интернет платформа іске қосылды

Қызылорда облысында референдум туралы мағлұмат беретін интернет платформа іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінге дейін бұл сайттың көмегіне 5 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Кез келген азамат Referendum.orda.gov.kz сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы өзінің дауыс беру учаскесі мен оның мекен-жайын біле алады. Сондай-ақ 109 Call-орталығының мамандары да азаматтарға қажетті мағлұмат беруде. Ал мүлдем ешқандай учаскеде тіркелмеген тұлғалар аталған сайтта көрсетілген 5 референдум учаскесіне онлайн тіркеліп, дауыс бере алады.

"Адамдарға қай платформада жұмыс жасау ыңғайлы, соған сәйкес мобильді қосымша, телеграм-бот, сайтқа кіру арқылы референдумға қатысты учаскесін таба алады", – деді цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла

Референдум күні Сыр өңірінде 380 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Аймақта барлығы 492 мың 380 адам таңдауын жасау құқығына ие. Қазіргі таңда өңірдегі учаскелер материалдық-техникалық талаптарға сай жабдықталып үлгерген. Ал байқаушы ретінде дауыс беру процесін 25 қоғамдық ұйымның өкілі қадағалайды. Облыстық аумақтық референдум комиссиясы шет елден келген байқаушылардың да болатынын жеткізді.

"Қазіргі таңда 2652 референдум комиссиясы мүшесі қызмет атқарады. Жаңадан келген комиссия мүшелері арнайы оқудан өткен. Мүгедектігі бар азаматтар үшін облыс бойынша 45 инватакси қызметі жұмылдырылады. Оның 16-сы Қызылорда қаласында, қалғаны аудандарда орналасқан. Қажеттілікке байланысты 48 сурдоаударма, ымдау тілінің мамандары да сол дауыс беру күні қызмет жасайтын болады", – деді облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Абай Тағыберген.

Оқи отырыңыз: АЭС – арзан, әрі тиімді электр энергия көзі